Руханият

Кәдесый шеберлері марапатталды

Алдағы жылы Қарағанды шаһарының қала мәртебесін алғанына 90 жыл толады. Достық үйінде аталған мерейтойға арналған аймақтық кәдесый шеберлері байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлдеге екі туынды лайық деп танылды. Kazakhstan-NOMAD панносы және «Көмірлі Қарағанды» шеберлерінің ағаштан жасалған композициясы мәренің алдында келді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Алдағы жылдың ақпан айында Қарағандының 90 жылдығы өтеді. Байқау қазан айында жарияланған. Негізгі шарт – тақырыпты аша білу, яғни, туындыларда кеншілер қаласымен байланысты дүниелерді көрсетуге болады. Кәдесыйлар мұқият таңдалды. Олардың әрқайсысында қалаға деген сүйіспеншілік байқалады. Сайысқа Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай және Ақтастан жиналған шеберлер 32 жұмыс ұсынды. Арасында балалар да бар. Ең жас қатысушы – 8 жаста, ең үлкені – 70-те. Байқау ашық әрі тегін өтті, – деді «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы әрі өкілі Татьяна Грибанова.

Байқауға жұмыстар этностильдегі кәдесый (киізден жасалған бұйымдар, халық қолөнері, киім-кешек және зергерлік бұйымдар), интерьер кәдесыйы (панельдер, картиналар), кәдесый-миниатюра (магниттер, кілттер, белгішелер), тоқыма, тоқылған кәдесыйлар аталатын төрт номинация бойынша қабылданған. Қазылар алқасы бас жүлде иегерлерімен қоса әр номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Бас жүлдені Kazakhstan-NOMAD панелі және «Көмірлі Қарағанды» ағаштан жасалған композициясы бөлісті.

Бас жүлде алған Kazakhstan-Nomad туындысы – Галина Переплеткина мен Қайрат КЭЙ-КЭЙ шығармашылық тандемінің нәтижесі.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Kazakhstan-NOMAD панель – былғарыдан жасалған. Туындыда Қайраттың суреті бейнеленген, рамка ретінде жергілікті қарағаштың бұтақтары қолданылған. Мұндай байқау-көрмелер шеберлерге қажет: шығармашылыққа шабыттандырады, – дейді қол гравюрасы және теріге бедерлеу шебері Галина Переплеткина.

Ал, «Көмірлі Қарағанды» ағаш композициясы – Сергей Бакарасовтың жұмысы.

– Бұрын ағаш ұстасы болғанмын. Ағашпен жұмыс істегенді ұнатамын. Негізі, сандық жасаймын деп ойлағанмын. Байқау туралы досым айтты. Осылайша, Қарағандының қазынасы дүниеге келді. Сандықта – көмір, шамдар-отты, ошақты, сары жақтаудағы айналар – даланы, көк түс – бейбіт аспанды бейнелейді. Жұмысқа ағаш пен майды қолдандым. Материалдар пайдаланылған дүниелерден алынса, сандыққа ағаш түпқоймадан алынды. Ішінара фанера қолданылған. Шамдарды – сынған ағаштардың діңдерінен, айналар да ескі ағаштан жасалған. Экологияға мән беруге тырыстым, – дейді Сергей Бакарасов.

Байқау жеңімпаздарына, жүлдегерлерге және қатысушыларға этностильдегі сыйлықтар мен кәдесыйлар табысталды. Бас жүлде иегерлерінің есімі World Beauty Kazakhstan журналында жарияланады.

Бұдан бөлек, байқау нәтижелері бойынша қатысушылар каталогын шығару жоспарланып отыр.

Байқауды «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы қоғамдық бірлестігі, облыстың ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, Қарағанды облысы бойынша орыс, славян және казак ұйымдарының Қауымдастығы және «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button