Ресми

Ұйымдастыру жұмыстары — жүйелі

Өткен жылдың наурызында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының ролін, атап айтқанда, Сенатты қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта қарауды ұсынған болатын. Яғни, аталған органдағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады. Конституция бойынша әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Астанадан екі депутаттан сайланады. Биылғы Сенат депутаттарының сайлауына облыстан алты адамның кандидатурасы ұсынылып, үшеуі тіркелді. Қазір сайлауға дайындық күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Облыстық сайлау комиссиясы да әзірше өтініштер мен шағымдардың түспегенін айтып отыр.

– Қарағанды облысында Сенат депутаттығына өзін-өзі ұсыну арқылы алты кандидат ұсынылды. Ал, біреуін облыстың екі мәслихаты ұсынғанын айту керек. Барлығы Конституция мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес. Алайда, төртеуі депутаттыққа кандидаттарды тіркеу үшін көзделген құжаттардың толық тізбесін ұсынған жоқ. Осылайша, барлығы үш үміткер тіркелді. Олар – Мұрат Әбілов, Серік Өтешов, Татьяна Шатохина, – дейді Қайрат Нұркенов.

Қарағанды облысынан Сенат депутаттығына үміткерлердің орташа жасы – 58-де. Олардың біреуінің мамандығы заңгер болса, екеуі – экономист. Бір үміткердің екі мамандығы бар екенін де айтады облыстық сайлау комиссиясының төрағасы. «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында және орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жарияланып отырады.

«Бүгінде кандидаттар сайлаушылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде», – дейді Қайрат Қаршығаұлы.

Сенат депутаттарын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлайды. Қарағанды облысында сайлаушылар саны – 204 болса, оның 26-сы – облыстық, 94-і – қалалық, ал, 84-і – аудандық мәслихат депутаттары.

Облыстық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау кезінде учаскелік сайлау комиссиясының ролін атқарады. Бүгінде сайлаушылардың тізімі нақтыланған. Қажетті құжаттар реттеліп, дауыс беру залы дайындалуда.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығымен Сенат депутаттарының кезекті сайлауы тағайындалғаны белгілі. Осылайша, 2023 жылғы 14 қаңтарда республиканың 20 өңірінде еліміздің заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір-бір депутаттан сайланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Сенат депутаты 30 жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам болуы тиіс. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сондай-ақ, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі бар деп сот мойындаған адам кандидат бола алмайтынын айту керек.

– Сенат депутаттығына кандидатты барлық деңгейдегі мәслихаттардағы сайлаушылардың жалпы санының кемінде он пайызы қолдауы тиіс, – дейді Қайрат Нұркенов.

Салтанат ІЛИЯШ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button