«Jumys Tap»: ниет болса, жұмыс бар
Бүгінде жастардың әлеуетін арттырып, олардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау – маңызды. Осы мақсатта елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Jumys Tap» жобасы. Былтыр Қарағанды облысында жүзеге аса бастаған бұл бастама қысқа мерзімді курстар арқылы жастарды кәсіби біліммен, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Бағдарлама әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қолдау көрсетеді. Тек кәсіби білім берумен шектелмейтін, нақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін кешенді жоба. Оқыту тегін түрде жүретіндіктен, қатысушылар жаңа кәсіптерді игеріп шығады. Оқу жүйесі Қарағандыдағы техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің базасында өтеді.
Жоба бүгінде атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы алатын отбасы өкілдеріне, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға қолжетімді. Қандастар мен қоныс аударушылар, еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтар әрі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар да осы жобаға мүдделі. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және зейнет жасындағы адамдар да жобаға қатыса алады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығымен қолға алынған бұл жобаның орындаушысы «ORKEN2018» жекеменшік мекемесінің директоры Құралай Дәрімбаеваның мәліметінше, жоба аясында биыл 150 азамат тегін қысқа мерзімді кәсіби курстардан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгерді. Оның ішінде, флористік курсқа – 41 адам, дәнекерлеу ісіне – 24 адам, шаштараз ісіне 28 адам қызығушылық танытты. Тігіншілікке – 14 адам, автослесарь мен сантехник курстарына – әрқайсысы 15 адамнан, ал жиһаз жинақтау ісіне 13 адам қатысып, арнайы кәсіптік даярлау туралы куәлікке ие болды. Бағдарламаға тартылған азаматтардың әлеуметтік жағдайына келсек, 69 қатысушы – көпбалалы отбасынан шыққан. Ал, 27 қатысушы – мүгедектігі бар азаматтар қатарында. Бұл жобаға 7 жалғызбасты ана, 5 зейнет жасына жақын тұрғын, 4 қандас, 4 асыраушысынан айырылған азамат, 2 пробация есебінде тұрған адам және Семей полигонынан зардап шеккен 1 азамат қатысқанын атап өткен жөн.
Бағдарламаға қатысушылар жобаның өз өмірлеріне оң әсер еткенін атап өтті. Солардың бірі – флорист мамандығы бойынша білім алған Малика Қанат.
– «Jumys Tap» бағдарламасы арқылы тегін оқуға мүмкіндік алдым. Бұл жоба маған флористика бағыты бойынша жаңа білім мен дағдыларды игеруге жол ашты. Бұрын тұрақты жұмыс табуда көп қиналдым. Себебі кәсіби біліктілігім жоқ және еңбек нарығында да бәсекелестік жоғары. Курсты аяқтаған соң тек жаңа мамандықты меңгеріп қана қоймай, ертеңгі күнге деген сенімділік пайда болды. Қазір отбасымды қамтамасыз етуге, кәсіби тұрғыда өсіп, болашаққа нақты жоспар құруыма мүмкіндік бар, – дейді Малика Қанат.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі – 65 жастағы Абдулла Нұржанов. Ол зейнетке шыққанға дейін көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Қазір ол автомеханик жаңа мамандығын меңгеріп, қайтадан жұмыс істеуге ниетті.
– Білімімді толықтырып, әрі қарай еңбек еткім келеді. Денсаулығым мүмкіндік беріп тұрған кезде жұмыс істей беремін. Қазір кардан жинай аламын, қозғалтқышқа қатысты да біраз тәжірибем бар, – дейді Абдулла Нұржанов.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысының жұмыспен қамту орталықтары Оқу курстарын сәтті аяқтаған азаматтарға жұмысқа орналасуға нақты көмек көрсетуде. Әр қатысушымен жеке жұмыс жүргізіліп, оларды бос жұмыс орындарына бағыттау, жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастыру жүйелі түрде қолға алынған. Бұл бір жағынан жобаға қатысушылардың болашағына нық сеніммен қарауына әрі еңбек нарығында өз орнын табуына көмек.
Жоба қатысушыларының сөзіне сүйенсек, «Jumys Tap» жобасы арқылы қысқа мерзімді оқыту арқылы қоғамның әр мүшесінің кәсіби бейімделуіне жол ашу – жобаның басты жетістігі. Қолдауға зәру азаматтарға бағытталған бұл бағдарлама – тек қана білім беру емес, болашаққа сенімді қадам жасауға арналған жол.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»