Үйірмелердің үкілеген үміттері
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйіне қарасты ауылдық мәдениет ошақтарында бүгінде 102 үйірме тегін жұмыс істеп, оларға 1077 жеткіншек қатысады. Олардың арасында вокал, хореография, театр, қолөнер және басқа да әуесқой үйірмелерге қатысып, облыстық, республикалық,тіпті халықаралық өнер жарыстарында жүлделі орындарды алып жүргендер де жеткілікті.
Мәселен, Ғабиден Мұстафин кентіндегі “Эдельвейс” үлгілі би ансамблі биыл Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық фестивальде 3 бас жүлде мен 1 бірінші орынды қанжығасына байлап, Астана қаласында болған “CULNAR FEST” және “Kazakstan Crand Festival” байқауларында тағы да 3 бас жүлдеге қол жеткізген. Ал Самарқанд ауылдық Мәдениет үйінің “Дебют” би ансамблі 12-ші республикалық “Шоқжұлдыз” фестиваль-байқауында 1-орынды иеленді.
Сарытөбе ауылдық клубының “Жас толқын” вокал үйірмесінің үкілеген үміті Айару Жомарт Алматы қаласында “Colden talent” республикалық байқауында бас жүлдеге лайық болып танылды.
Аймақтық көпжанрлы “TALENT STARS” байқауында Ақбел ауылдық клубының “Песенка-чудасенка” вокал үйірмесінің тағы бір қатысушысы Айсұлтан Жаңбырбаев бірінші орыннан көрінді.
Ауданның жас өнерпаздары Інжу Жанат,Мариям Абай,Сезім Қойбағар Қарағанды қаласының 90 жылдығы және Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған облыстық 10-“Еркетай” фестивалінің дипломанттары атанды.Сондай-ақ “Айгөлек”,”Гүлдер”,”Аққу” би топтары да әртүрлі би байқауларында жүлделі орындарды иеленуде.
Ержан ИМАШ,
ortalyq.kz
Бұқар жырау ауданы