«Үйіңіздің қауіпсіздігі»: Қарағандыда өрттің алдын алуға бағытталған акция өтті
Соңғы уақытта елімізде орын алған қайғылы оқиғалар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік бөлімшелері ел бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындарға жүйелі түрде түсіндіру жүргізуде. Қарағандыда да «Үйіңіздің қауіпсіздігі» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды.

Аталмыш акцияға төтенше жағдайлар, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар және тұрғын үй инспекциясының мамандары қатысты. Шара жылыту маусымы кезінде өрттің алдын алужағдайлары, пеш пен мұржа жағдайын тексеру, ақауларды дер кезінде анықтау, сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал отбасыларды қолдаумақсатында ұйымдастырылды.
Мамандар жеке тұрғын үйлерді аралап, пештердің тарту қабілетін, мұржалардың тазалығын, электр сымдарының жағдайын қарап, қауіп төндіретін ақауларды анықтап қана қоймай, оны жою жолдарын түсіндірді. Қажет болған жағдайда тұрғындарға көмектесу шаралары қабылданды.
Жергілікті бюджет есебінен алынған улы газ датчиктері көпбалалы, аз қамтылған және жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне тегін орнатылды. Қарағанды облысы ТЖ департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жүмікенов датчиктердің тиімділігін атап өтті:
– Биылғы жылыту маусымы басталғалы облыс бойынша датчиктің дер кезінде іске қосылуының арқасында 5 жағдайдың алдын алдық. Көмірқышқыл газы көбіне түнде бөлінетіндіктен, мұндай құрылғы адамдардың өмірін сақтап қалатын маңызды құрал, – деді ол.

Акция аясында көпбалалы ана Мария Левянның үйі де тексерілді. Оның жанұясында сегіз бала бар, өткен жылы оларға да датчик орнатылған.
Мария датчиктің бірде күтпеген жерден іске қосылғанын айтып берді:
– Қыздарым тәтті бәліш пісіруге қойып, оны алуды ұмытып кеткен. Пештің жанында тұрған датчик қатты дауыспен белгі берді. Әуелде не болып жатқанын түсінбей қалдық. Кейінірек, бұның газ датчигі екенін білдік. Сигнал дауысы шынымен қатты болды, батарейканы шығарып тоқтаттық. Бірақ сол арқылы оның расымен жұмыс істейтінін, қажет сәтте дабыл беретінін көрдік. Бұл жағдай біз үшін үлкен қауіптің алдын алған үлкен сабақ болды, – дейді ол.
Сонымен қатар, ол тексерушілердің жыл сайын келіп, пеш пен мұржаның жағдайын қарап, профилактикалық кеңестер беретінін атап өтті. Отбасы пешті тазалауды үнемі өз күшімен жүргізіп тұрады.

– Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі. Датчиктің тұрғаны жанымызды жайландырады, өйткені ол қай уақытта болсын сигнал беріп, қауіптің алдын алады, – дейді көпбалалы ана.
Қарағанды ғана емес, облыстың барлық қала және аудандарында акция бір уақытта, сағат 11:00-де басталды. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жадынамалары таратылып, пешті дұрыс жағу, мұржа тазалау, электр құралдарын пайдалану ережелері түсіндірілді.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері жылыту маусымы бойы профилактикалық жұмыстың жалғасатынын ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Жамал АКПАРОВА



