Руханият

Әйгілі романды қазақша сөйлетті

21 желтоқсан күні «Қасым үйінің» мәжіліс залында Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығының бастамасымен қазақ тіліне аударылған Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» кітабы таныстырылды. Әлемге танымал романды қазақшаға аударған ау- дармашы – Рымбала Смаилова.

Айтулы шараға Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, журналистер, тіл мамандары мен кітапханашылар, сот жүйесінің өкілдері қатысты.

Гарри Грейдің өмірбаяндық романында Нью-Йорктің кедей эмигрант аудандарынан шыққан өрімдей жас балалар мектептен шығып қалып, үлкен қылмыстық топ құрады. Қылмыс жасай жүріп қарудың да бірнеше түрін қолдануға əбден машықтанып, байлыққа қол жеткізеді. Алайда, арам жолмен тапқан ақшаның қызығын көре алмай, оққа ұшады. Кездейсоқ тірі қалған кейіпкер өз басынан кешкен адам айтқысыз қиындықтарды романға арқау еткен.

Рымбала Смаилованың айтуынша аударуға алты ай уақыт кеткен. «Оқиға желісі қызық, сұқбат түріндегі сөйлемдер көп кездескен соң аудару қиын болған жоқ, ерекше қызығушылықпен аудардым», – дейді аудармашы.

Тілдерді оқыту орталығының басшысы Алмагүл Игенова осы кітапты аудару туралы идея қаладағы жеке адамның жастарға, қазақ тілін енді үйреніп жүрген азаматтарға стилі мен тілі жеңіл кітап болса деген ұсынысынан басталғанын айта келе, «Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығы ересектерді оқытуымен айналысады, бізге келіп оқып жүрген жандарға қазақ жазушыларының кітаптарын ұсына алмаймыз, себебі қазақ тілін жаңа үйреніп жүргендер үшін ондағы шығармалардың тілін түсіну қиын, сол себепті «Однажды в Америке» сынды әлемге кең танылған шығармаларды қазақшаға аударып ұсынамыз. Қазір бізге балаларға арналған шығармалар, мотивациялық, психологиялық кітаптар болса деген өтініштер айтылуда, болашақта сол өтінішті орындау қамына кірісеміз. «Бір кездері Америкада» деген кітап 18 жастан асқан оқырмандарға арналған, қаладағы кітапханаларға таратылады», – деді. 

Романның таныстырылымында журналист-аудармашы Сүйіндік Жанысбай, ҚарУ-дың ағылшын тілі және лингвистика кафедрасының доценты, ғалым Жаңбырбай Қағазбаев, з.ғ.д., қауымдастырылған профессор Болат Сыздық, журналист Әли Тойжігіт сөз сөйлеп Рымбала Смаилованың еңбегі. мен аударма саласындағы мәселелер жайлы ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Тілдерді оқыту орталығы бұған дейін Марио Пьюзоның әйгілі «Крестный отец» романын журналист Сүйіндік Жанысбайдың аударуымен «Өкіл әке» деген атпен жарыққа шығарған болатын.

Назым ДҮТБАЙ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button