Бас тақырып

Әйелдер бизнесінің әлеуеті зор

Қарағандыда кәсіпкер болу – әйелдерге де қолжетімді. Бүгінде облыста әйелдердің басшылығымен 41,5 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар бизнеспен айналысатындардың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Бұл өңірде әйелдер кәсіпкерлігі белсенді дамып келеді деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір Қазақстанда әйелдер түрлі кәсіппен айналысып, бизнес­те және қоғамдық қызметте зор табысқа жетіп жүр. Олар биік белестерді бағындырып қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Барлық әйелдердің адал еңбегі ең жоғары бағаға лайық» деген болатын. Әрине, бұл тек сауда, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік нарығы, қонақ үй және мейрамхана бизнесіне жасалған қорытынды емес. Бұл пайым ауыл шаруашы­лығы және өнеркәсіпті дамытқан нәзік жандарда да қатысты.

Сурет egemen.kz

Қазіргі уақытта әйелдер бизнесі негізінен әлеуметтік және қызмет көрсету салаларына бағытталған. Олай деуімізге себеп көп жағдайда әйелдер өздері тап болған проблеманың негізінде кәсіп ашқанды құп көреді. Сонымен қатар, әйелдер өздері жүргізген кәсіптен түскен табыстың 90%-нан астамын отбасы мен балаларының біліміне инвестиция­лағанды жөн санайды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегін сараласақ, әйелдер кәсіпкерлігін қаржылық қолдау аясында 2023 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы 6 мыңнан астам жоба және несиелік кепілдік беру арқылы 3,5 мыңнан астам жоба қолдау тапқан. Бұл қолдау көрсетілетін жобалардың жалпы санының шамамен 50%-ын құрайды.

Жалпы, облыста әйелдер кәсіпкерлігі бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» жобасы аясында әйелдерге 2,2 млрд теңгеге 340 жоба бойынша қолдау көрсетілген. Бұл бағдарлама пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту шараларын қамтиды. «Бастау Бизнес» оқыту бағдарламасына қатысушылардың 70%-ы әйелдер екенін ескерсек, оларға 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға өтініш беруге мүмкіндік қарастырылған.

Бүгінде Қарағандыда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы да бар. Бұл орталық тегін кеңес беру, оқыту, тәлімгерлік және қаржыландыруға қол жеткізу бойынша көмек көрсетеді. Орталықтың қыз­метінде бизнес жүргізу, мемлекеттік гранттар мен субсидиялар алу, бизнес-тренингтерге қатысу талабы бар. Ал, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» әйелдерге әлеу­меттік кәсіпкерлік субъектілеріне инвестициялар мен айналым қаражатын толықтыру үшін 1,5 млрд теңгеге дейінгі несие ұсынады. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады, ал, субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 3 жылға дейін мүмкіндік бар.

Былтырғы деректер елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің тең жартысына жуығын (49%) әйелдер тізгіндеп отырғанын айғақтайды. Ал, жеке кәсіпкерліктегі үлесі айтарлықтай біршама – 59%. Заңды тұлғалардағы әйелдердің қатысуы 29%-ды құраса, шаруа қожалықтарындағы үлесі – 27%. Әрине, мұның бәрі кәсіпкерлік саладағы әйелдер ұстанымының нығайып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінде Қарағанды қаласында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы әйелдерге бизнес жүргізу, қаржыландыру, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, оқыту курстарын ұйымдастырады. Мысалы, кәсіпкер Арайлым Серікбай осы орталықтың көмегімен бірнеше грант жеңіп алып, экологиялық өнімдер өндірумен айналысатын орталық ашты. Экологиялық таза өнімдер өндірісі мен жастарға экологиялық мәдениетті насихаттауға ерекше көңіл бөлетін ол Қарағанды облысындағы белсенді жас кәсіпкер әрі биология ғылымдарының PhD докторы. Ол – экологиялық таза өнімдер өндірісімен айналысып жүріп әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқан жастың бірі.

Статистика бойынша, елімізде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 33%-дан асып тұр. Жұмыспен қамтылғандар саны 35%-дан асып, 3,5 млн адамға жеткен. Соның 31%-ы немесе 1 миллионы – әйелдер. Жұмыс істеп тұрған шағын орта бизнес субъектілерінің саны 2012 жылдан бері 44%-ға өсіп, 1,4 млн бірлікке жеткен. Әйелдер соның 43,5%-ына басшылық жасап отыр.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button