Əйелдер бизнесі көш бастап тұр
Елдегі қыз-келіншектің бизнеске беттегеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, олар кəсіпкерліктің сан тарабында қолтаңба қалдырып келеді. Мыңдаған ару осы күні кəсіпкерлікті ұршықша иіріп отыр. Шынтуайтында, əйел басқарған біраз бизнестің тасы əжептəуір өрге домалап-ақ тұр. Айталық, Қарағанды облысында əйелдердің басшылығымен 41,5 мың компания жұмыс істейтін көрінеді. Бұл болса, өңірдегі барлық бизнестің тең жарымына жуығы. Тəуір көрсеткіш.
Елдегі кəсіпкер əйелдердің үлесі де осы шамалас. Деректер алдағы уақытта əйелдердің экономикаға қосары арта түсетінін де атайды. Бұл туралы Президент те айтқан болатын.
«Əйелдердің қоғамдағы ролін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын жəне орта бизнес саласында еңбек ететін əйелдердің үлесі 43%-дан асты. Жеке кəсіпкерлердің тең жартысынан көбі өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, əлем əйелдер бизнесінің қарқын алғанын мойындайды. Əйелдердің экономикаға қосар үлесі 2025 жылға қарай əлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн. долларын құрауы мүмкін деседі деректер.
Біздің елде де əйелдер кəсіпкерлігін дамыту басты назарда. Мысалы, биыл «Атамекен» ҰКП əйелдер кəсіпкерлігін дамыту орталығының жобасы аясында Іскер əйелдер кеңесімен бірлесіп, Қарағанды облысында 72 əйел түрлі мамандықтарға тегін білім алғанын айтады Əйелдер кəсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Арайлым Серікбай.
– Бұл орайда, тігін өндірісі, нантоқаш жəне кондитерлік өнімдер, бьюти индустрия саласындағы шаш үлгісі, ірімшік жасау технологиясы бойынша бейінді оқытудан өтті, – дейді Арайлым Серікбай. Бейінді оқыту – келешекте өз кəсібін ашуға алғашқы қадам жасау. Тек əркім өзінің жан қалауына сай кəсіпті адаспай табуы шарт. Сонда ғана бизнесте жолы болады. Жалпы, бизнес деген шахмат ойынындай, бірде жеңіс, бірде жеңілістен тұратыны мəлім. Кəсіпкерлікті қолдаудың түрлі құралдары ісін бастағысы келгенге көп көмек береді.
Қарағанды облысында былтыр мыңнан астам əйел өз ісін бастауға, я бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алыпты. Бұл ретте оларға кəсіпкерлер палатасы əйелдер кəсіпкерлігін дамыту орталығының көмегін атап өткен жөн. Қажетті кеңес сұраған 800 қыз-келіншекке көмек беріліп, бірқатары арнайы оқу оқыды дейді мамандар.
Сондай-ақ, «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева қордың тарапынан қолдау тапқан барлық жобалардың 51%-дан астамы əйелдер кəсіпкерлігі екенін де жария лаған еді. Мұндай жобалардың жалпы сомасы 1,26 триллион теңгені құраған. Бұл даму институты қолдаған барлық бизнес-идеялардың тең жартысы екен.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz