Әйел құқы тапталмауы тиіс
Қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі бері ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар hәм міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленіп, өзгеше бағыт ала бастады. Осы тұрғыдан әлеуметтік зерттеулердің көбірек жүргізілуі, әйелдердің талап-тілегі мен құқығы тапталмас үшін сауатты, теңдікті, әділдікті қызғыштай қорғай алатын қоғам құра білгеніміз жөн.
Бүгінде Қазақстан үкіметі әйелдердің саясатқа араласуына, олардың жай ғана саясатпен айналысып қана қоймай, шешім қабылдау деңгейінде араласқанына мүдделі болып отыр. Өйткені, бұл – уақыт талабы.
Бізде әйелдердің құқығын қорғайтын заң бар. Бірақ, сол бар заңды әйелдердің өздері пайдалана алмайтын кездер де болып жатады. Заңды дұрыс білмейді.
Біз зайырлы мемлекетпіз. Елімізде ерлер мен әйелдердің құқықтары тең. Әйтсе де, бүгінде әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселеге айналуда. Ендеше, отбасының берекесі неге кетті? Жауапкершілік жүгін көтере алмаған ер азамат кінәлі ме, әлде әйел ағаттық жіберді ме? Қандай жағдай болса да, тұрмыстық түйткілдерді ерлі-зайыпты өз жауапкершіліктеріне алғаны абзал.
Қазақ халқы барша тірліктің бастауы, көркемдік пен жылулық көзі, шуақ пен мейірім әлемі, өмірдің сәні деп, әйелді қасиет тұтып, оған көңілінің төрінен орын беріп, ардақтап, аялаған. Қазір қай салада да ең озық істің алдында жүрген жолы жіңішке қауымды көптеп кездестіруге болады. Сот істерін қарау барысында гендерлік теңдік туралы талап қатаң сақталады. Ерлер мен әйелдерге қатысты заң талаптарының нақты орындалуы, процеске қатысушылардың адамгершілігін кемсітетін немесе ар-намысын таптайтын шешімдер мен іс-әрекеттерге жол бермеу, заң мен сот алдында барлығының теңдігі, тараптардың дауласуы мен теңдігі, істі талқылаудағы ашықтық, жариялылық және анықтық, процеске қатысушылардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі ұстанымдар қатаң сақталынады. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік мекемелерде осы гендірлік саясатқа қатысты мәселеге аса көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, мекемелерде мемлекеттік қызметкерлер арасында гендерлік саясатқа қатысты түрлі тақырыптарда дөңгелек үстелдер мен семинарлар жиі өткізіліп, теңдей дәрежеде қоғамның барлық саласында еңбек етуіне, білімін жетілдіріп, қызметте өсуіне негіз болып отыр. Бұны жалпы қоғамның жетістігі деп білгеніміз жөн.
Жалпы, әйелдердің құқын қорғау мәселесі тарих барысында қоғамдағы әйелдерге деген көзқарас, күш көрсету, құқығын таптау, ер адамға бағыныштылықта ұстау сияқты мәселелерге жауап ретінде көтерілгені мәлім. Біртіндеп әйелдердің проблемасын заң жолымен шешу тәжірибесі қалыптасты.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы құндылығымыздың құрып кетпеуіне жол бермеген жөн.
Сондықтан, гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында да ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Осыны ұғынып, әрқайсымыз Отан, отбасы алдындағы өз міндеттерімізді дұрыс атқарсақ, онда бұл тұрғыда ешқандай мәселе болмасы анық.
А.АБДЫКАМАЛОВ,
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.