Бас тақырып

Әйел кәсіпкерлігінде әлеует зор

Отбасының ұйытқысына айналып әрі қоғамның дамуына үлес қосып жүрген ханымдардың пікірінше, «Әйелге келгенде әділет тұншықпауы керек». Дамушы елдің негізгі ұстанымында «ана» тақырыбы басты орында тұруы тиіс.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде әйелдер қоғамның барлық саласында, соның ішінде мемлекеттік және жергілікті басқару органдарында еңбек етуде. Шағын және орта бизнесте, әлеу­меттік салада, экономикада, үкіметтік емес ұйымдарда танымал, тәжірибелі, білімді, лайықты әйелдер мен қыздар елдің дамуына үлес қосуда. Мәселен, аймақта 42 мыңнан астам компанияны әйелдер басқарады. Кәсіппен айналысатындардың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл тек сауда, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік нарығы, қонақ үй және мейрамхана бизнесі ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруа­шылығы, өнеркәсіпке де қатысты. Қызмет аясы жыл сайын кеңейіп келеді.

Соған қарамастан, қоғамда әйелге қарсы зорлық-зомбылық көбеюде. Тұрмыс­тағы әйел мен балаға жасалған жантүршігерлік әрекеттер күн сайын әлеуметтік желіден көлбеңдейді. Әйелге жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, еңбек кемсітушілігін жою мақсатында кешенді шара қабылдауды қажет етеді.

Кеше Қарағандыда ΑMANAT партиясының жанынан құрылған әйелдер қанатында әйел мәртебесін көтеруге бағытталған мәселе сөз болды. Әйелдер қанаты гендерлік теңдікке, елдің қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өміріне араласуға бағытталған.

ΑMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринованың пікірінше, республиканың әр өңірінен ашылған әйелдер қанатының мақсаты – ортақ. Олар нәзік жандардың мүмкіндігін кеңейтіп, маңызы бар жобаларды іске асыруға жәрдемдеседі. Денсаулық сақтау мен білім беруді дамытып, әйелдер арасындағы қаржылық сауаттылық мәселесін шешуге және әйелдің өзін-өзі бағалауын арттыруға арналады.

– Әрбір қала мен ауданда іскер әйелдер қанаты жұмыс істейді. Бизнес жүргізуге көмек көрсетіп, саяси көшбасшы тұрғысынан дамытып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін құқықтық тұрғыда оқытады, – деді Шолпан Каринова.

Бұдан соң қыз-келіншектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, олардың кәсіпкерлігін қолдау және әлеуметтік жобаларға тарту бағытындағы облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.

Шараға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, әйелдер қанатының жұмысына сәттілік тіледі.

Облыстық филиалдың қау­лы­сына сәйкес аймақтағы ΑMA­NAT партиясының әйелдер қанатының кеңесшісі лауазымына облыстық мәслихат депутаты Зара Шалабаева бекітілді. Форум барысында сондай-ақ, партия хатшысы Шолпан Каринова ерекше қажеттіліктері бар Жанна Мақажанованы ΑMANAT партиясының қатарына қосылуымен құттықтап, партия билетін салтанатты түрде табыс етті.

Жиында халық қалаулылары мен өңірдің қоғамдық және жас­тар ұйымдарының өкілдері қоғамдағы әйел құқығына тоқталды. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға үндейтін өзекті мәселелерді талқылады.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков сөз алып, әйелдердің үлесін атап өтті.

– Әйел бірегей жаралған жан. Ол қай қоғамда да ауқымды орын алады. Жалпы, елімізде ΑMA­NAT мүшелерінің 60 пайыздан астамы – әйелдер. Сондықтан әй­елдер қанатын құрып, олардың пікірімен санасу – өзекті. Қазіргі таңда облыс бойынша партия қатарында – 23 мың адам. «Жастар рухы» жастар қанатының қатарында 5 мыңнан астам адам, оның ішінде әйелдер бар. 13 әйел ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері болып жұмыс істейді, – деді Бекзат Алтынбеков.

Партияның әйелдер қанатының күн тәртібінде сондай-ақ, жұ­мыстың маңызды бағыттары­ның бірі – көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris жобасын іс­ке асыру сөз болды. Жоба үйлестірушілерінің айтуынша, облыс­та «Бастау бизнес» курстарында оқитындардың 70% жуығы – ісін жаңа бастаған кәсіпкер әйелдер. Олардың үлесіне 500 мыңнан 5 млн. теңгеге дейінгі гранттардың 60%-дан астамы тиесілі.

Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button