Әйел қауіпсіздігі – әлем қауіпсіздігі
Соңғы екі жылда әйелдерге жасалған жантүршігерлік оқиғалар көбейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында әйел мен бала құқығына, қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, «Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деген. Осылайша, қоғамдағы әйелдердің гендерлік теңдігі – құқықтық, саяси және экономикалық мүмкіндіктермен өлшенетіндігіне ерекше мән берді. Дегенмен, жыл сайын ел бойынша жүздеген әйел күйеуінен немесе басқа туыстарынан қашып, көмек пен баспана іздейді. Әйелдер құқығына қатысты өзекті мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 10 260 057 әйел тұрады. Алайда, басым көпшілігінің қауіпсіздігі сақталмаған әрі құқығы қорғалмаған. Кез келген қорлыққа төзуге мәжбүр әйелдердің түрлі ұйымдар құрып, тіптен, өздерін қорғауға кіріскені бар. Мемлекет басшысының бастамасымен «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» Заң жобасы талқыланғалы, қоғам әйел құқығы мен теңдігі мәселесіне назар аударды. Әйел теңдігі назарға алынғалы, қоғам әйелін өлтірген экс-министрдің лайықты жазасын алғанын күтуде. Көп жағдайда отбасы-ошақ қасында да зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің дауысы құзырлы билікке уақытында жетпейтінін осы мәселеден айқын көруге болады…
Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жыл сайын елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шегеді. Кемінде 80 әйел қайтыс болады. Сондай-ақ, күн сайын ішкі істер органдарына осы мәселе бойынша 300-ге жуық хабарлама келіп түседі екен. Соңғы 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өскен. Ал, орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Ресми деректен шығатын тұжырым – елде әйелінің қолын, аяғын сындыру «қалыптыға» саналады. Тіптен, осы уақытқа дейін әйелге көрсетілген қысымнан бөлек, бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар кездескен.
Құзырлы органдар әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың болуына көп жағдайда үйдегі ер азаматтың ішімдікке тәуелді болуы, маскүнемдік әрі құмар ойынға тәуелділігі әсер ететінін айтады. Таяуда депутаттардың бастамасымен «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» Заң жобасы талқыланды. Депутат Жұлдыз Сүлейменова жобаны Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру аясында депутаттар бастамасымен әзірленгенін атады. Заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтиды.
Біріншісі – зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеуді көздейтін норма.
– Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Дене жарақатын келтірген, бірақ, денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға негіз болады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқық бойынша тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобильдің пікірінше, әйелдердің қоғамдағы, отбасы мен мемлекеттік институттардағы орны бөлек. Отбасында қазақ әйелінің бейнесі – сөздің тура мағынасында «асыраушы» болып табылады. Ол – ана және үй шаруасындағы әйел. Қазіргі таңда отбасының қалыпты өмір сүруі әйелге байланысты, ал, егер ерлі-зайыптылар бөлек кетсе, қоғам бұл үшін де әйелді кінәлайды. Олар отбасын құтқара алмағанын, ер адамды бағаламағанын айтады.
– Заңда барлығын қорғауға кепілдік берілді. Мысалы, жыныстық зорлық-зомбылық мәселелерінде әйелдер қорғансыз. Заң бойынша ұсақ бұзақылық ретінде қарастыруды ұсынатындар бар. Іс жүзінде әйел қылмыскерді жазалап, өзін қорғай алмайды, – дейді Татьяна Чернобиль.
Тәуелсіз кеңесшінің айтуынша, әйелдерді тек бала туып, күнделікті тірлікпен айналысуы үшін жай ғана қамқоршы ретінде пайдаланудың қажеті жоқ.
Дүние жүзіндегі адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы қазақстандықтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты бөлек қылмыс санап және агрессорға қарсы санкцияларды күшейтуге шақырған. Ұйым мамандары мемлекеттің қорқыту мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлсіз реакциясы әйелдерді әділеттілікке сендірмейтінін айтқан.
– Құқық қорғау органдары мен соттар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыздарға дұрыс жауап бермей, немқұрайлы қарағандықтан, көп агрессор жеңіл жазамен құтылады. Әйелді қорғаудағы басты кедергінің бірі – кәсіби даярланған әлеуметтік қызметкерлер, психологтар және заңгерлердің жетіспеушілігінен, – дейді Human Rights Watch ұйымының өкілдері.
Қарағанды облысының полиция департаментінің мәліметінше, биыл облыста әйелге қатысты тұрмыстық қылмыстар азайған. Олардың құрылымында кісі өлтіру 50%-ға, сондай-ақ, орташа дене жарақаттары 28,5%-ға азайды.
– Зорлық көрген және қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін 7 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 67 орынға негізделген орталықта қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 37 адам (оның ішінде, 24 әйел және 13 бала) бар, – дейді полиция департаментіндегілер.
Сондай-ақ, құқық қорғау органы өкілдері «қазіргі таңда сотқа жететін істер аз, себебі, әйелдер, сотқа барғысы келмей, «Неге мен өзімді көгерген көзбен немесе сынған қолыммен ұятқа қалдыруым керек?» деп санайтынын айтады.
Процессуалдық кодекс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанын дәлелдеу ауыртпалығы қазіргі таңда жәбірленушінің өзіне жүктелетінін де атап өтті. Бұған дейін бұл қызметті сот-медициналық сараптамаға жіберетін қызметті полицейлер атқарса, қазіргі таңда құрбан болғанын жәбірленушінің өзі дәлелдеуі керек. Сондықтан, егер әйел зорлық-зомбылыққа ұшыраса, алдымен сотқа жүгінуі тиіс. Содан кейін барып, сот-медициналық сараптамаға жібере алатындай құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінген дұрыс.
Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтары» одағының басшысы Зульфия Байсақова әйелдер мен балалар құқығының бұзылуына қатысты орта есеппен 20 мыңнан астам адам сенім телефондарына хабарласатынын айтады. Орталық басшысының пікірінше, ер адамның «отбасын сақтайын» деген жауапкершілігінің жоқтығын ескермейтін қоғам, көп жағдайда бар кінәні әйелдің мойнына іліп қояды. «Ажырасса да, күйеуі қол көтерсе де, мүгедек бала туса да, әйел кінәлі» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, көп жағдайда әйелдер зорлыққа шыдауға мәжбүр.
– Біз мәдениетті, бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына кіруге тырысамыз. Көршілер бұзық болса, полиция шақырмайды. Осындайды көрген бала өзінің де солай істей алатынын және жазасыз қалатынын түсіне бастайды. Ол қазірдің өзінде отбасынан асып, көшелер мен мектептерге келді, – дейді Зульфия Байсақова.
Зорлық-зомбылықты жеке құқының бұзылуына санайтын ХХІ ғасыр жастары жетілуге құштар. Мәселен, танымал боксер қыз Айгерім Қаржасқызы (аты-жөні өзгертілген) өз-өзін қорғауды үйренуді бала кезінен армандаған.
– Бір «әттеген-ай» менің де ішімде жатыр. Әкем анамды ұрып-соққанын көріп өстім. Кішкентай кезімнен анамды қорғағым келетін. Әкеме әлім келмейтін. Қазір бокстың арқасында өзіме сенемін, күш пен мінез бар. Кез келген жерде өзімді қорғай аламын, – дейді ол.
Зорлық-зомбылықты жасырудың қажеті жоқ. Егер адам жәбірленушіге айналған болса, жәбірлеушіден сақтанғаны жөн. Дереу құқық қорғау органдарына немесе 150 нөміріне хабарласуы қажет.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz