«Jas Kenes Siylygy» талаптыны қолдайды
Еліміздегі маңызды салаларда жұмыс істейтін жастардың күнделікті жұмысы мен еңбегі бағалана бермейтіні рас. Құқық қорғау саласында қызмет ете жүріп, ерлікке пара-пар іс тындыратын жастардың үлгілі ісі үнемі назарға алынып, жиі ескерілмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесі жас мамандарға арналған «Jas Kenes Siylygy» байқауын жариялады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте конкурсқа қатысу шарттары белгілі болды.

Тәуелсіз жастар сыйлығы биыл алғаш рет беріледі. Марапаттауға 35 жасқа толмаған азаматтар өтініш бере алады. Өтінімдерді 21 шілдеге дейін https://www.jaskenes.kz/application сайты арқылы беруге мүмкіндік бар.
Биылғы премияның аталымдары ерекше. Атап айтсақ, құқық қорғау органдары, авариялық-құтқару қызметтерінің және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлеріне «Janqiarlyq» аталымы белгіленіпті. Ал, орта және кіші медициналық қызметкерлер «Altyn jürek» сыйлығымен марапатталмақ. Бұл аталымға сондай-ақ, жедел медициналық көмек мамандары, акушерлер, санитарлар да өзін ұсына алады.
Өңдеу өнеркәсібінің, тау-кен металлургия кешенінің, агроөнеркәсіптік сектор, тамақ өнеркәсібі ұйымдарының үздік қызметкерлерін «Önerkäsıp» аталымы анықтайды.
Ал, «Bolaşaq turaly qamqorlyq» аталымы мектепке дейінгі, орта, орта-арнайы білім беру мекемелерінің педагогтері, сондай-ақ, мамандандырылған қызметтер көрсететін инклюзивті оқу орталықтары қызметкерлеріне беріледі.
Балалар үйлері, қарттар үйлері, хоспистер, жануарларға арналған баспаналардың және осындай әлеуметтік қызметтер көрсететін өзге де ұйымдардың қызметкерлері «Adamgerşılık» аталымында анықталады.
Зардап шеккендерге және Қазақстанда және одан тыс жерлерде мұқтаж адамдарға ерікті көмек көрсетуді ұйымдастыруда өзін көрсеткен еріктілер «Kömek qoly» аталымына өздерін ұсына алады.
Биыл сондай-ақ, коммуналдық және инфрақұрылымдық қызмет өкілдері – пәтер иелерінің кооперативі және мүлік иелерінің бірлестіктері назардан тыс қалмайды. Елдімекендердің өмірін қамтамасыз етуге жауапты болғандарды «Bızdıñ üi» аталымында арнайы сыйлығы күтеді.
– Жастар саясаты жөніндегі кеңес – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Кеңес жастарға қатысты кешенді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлейді. Жастар саясаты саласында және басқа да бағыттар бойынша әлеуметтік маңызы бар бастамаларды ұйымдастырады.
Осы уақытқа дейін Кеңес мемлекеттік жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын, 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлықпен күрестің кешенді жоспарын, заңсыз ойын бизнесімен және ойынқұмарлыққа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуге белсенді қатысты. Шығармашылық салалар мен басқа да әлеуметтік маңызды бастамалар үшін салық жеңілдіктерін дамытуда, – деп атап өтті облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш.
Байқау 3 кезең бойынша өтеді. Іріктеу нәтижелерімен 14 жеңімпаз анықталады (әр номинацияда 2 жеңімпаздан). Байқаудың жүлде қоры – 14 миллион теңге.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz