Бас тақырып

Үй саламын десеңіз…

Теміртауда жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлуге өтінімдер қабылдау басталды. Он гектар жер қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде кезекте тұрғандарға беріледі.

Сурет: grandrealt.by сайтынан

Қала бойынша кезекте барлығы 1943 адам бар. Алдағы 2-3 жылда 500-ге жуық учаске бөлу жоспарлануда.

– 2008 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10-шы және 11-ші шағынаудандар аумағында қосымша алаңдар анықталды. Бірақ, ол уақытта ешқандай коммуникация желілері – электр қуаты да, су да жоқ-тұғын. Тиісінше, біз учаскелерді бөлген жоқпыз, – дейді Теміртау қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Гомаров.

– Жақында осы шағынаудандарға коммуникациялар желілерін жалғап, ол аумақтарды коммуналдық кәсіпорындардың балансына бердік, осылайша болашақта учаске иелері техникалық шарттарды алады. Онда электр желілері, су құбырлары және табиғи газ 2026 жылы тартылмақ.

10 сотық жер алу үшін кезекте тұрғандар Теміртау жер қатынастары бөліміне жүгінуі қажет. Өтінім бергеннен және кезектілік ретін тексергеннен кейін қажетті құжаттарды рәсімдеп, геодезистердің көмегімен өз учаскелерінің шекараларын белгілей алады.

– Мұның бәрін «eGov.kz» платформасы арқылы онлайн режимінде жасауға болады. Кезекте тұрғандар бізге, яғни, салалық бөлімге жүгіне алады. Оларға тиісті кеңес береміз, көмектесеміз. Жер учаскелерін ресімдегеннен кейін игеру мерзімі – үш жыл, – деп атап өтті Ерлан Гомаров.

Мұнымен бірге, Теміртауда саяжай учаскелеріне түгендеу амалдарын жүргізу көзделуде. Жұмыс арнайы әзірленген Жол картасы аясында жүргізіліп, саяжай қауымдастықтарында тәртіп орнатуға септеспек.

Жер учаскелерін бөлу және саяжай учаскелерін түгендеу туралы толығырақ мәліметті Теміртау қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің (8-7213) 93-11-10 телефоны арқылы немесе Теміртау қаласы, 6-шағынаудан, 14-үй мекенжайы бойынша анықтап білуге болады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button