Үй аларда нені ескеру керек?
Қарағандыда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат құжаттары бар салынып жатқан үйлердің тізімі шықты. Бүгінгі таңда қалада 57 көппәтерлі тұрғын үй салынуда, оның ішінде 48 үйдің барлық рұқсат құжаттары бар.

Айта кеткен жөн, қосымша 4 көппәтерлі тұрғын үй кешенінде құжаттардың толық пакеті болғанымен, құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Ал, тағы 3-еуінде әзірге рұқсат жоқ және 2-еуін ұзақ құрылыс жұмыстары күтіп тұр. Алайда, салынып жатқан кешенді тұрғын үй тізбесінде пайдалануға берілген, әкімдік беретін үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты бар тұрғын үй кешендері жоқ.
Алдағы уақытта үлескерлердің қаражатын тарту үшін тұрғын үй-құрылыс кооперативтері (ТҮҚК) құрылады. Бұған заңмен тыйым салынбағандықтан, бұлар кешенді тұрғын үй құрылысының аяқталу мерзімдері туралы 100% кепілдік бермейді. Мұндай кооперативтер «Жилой фонд» ТҮҚК (барлық нысандар) және «Comfortniy Gorod» («Новый Город-2» ТК, «Новый Город-3» ТК, «Британский Комфортный Квартал» ТК) құрылыс компанияларында құрылған.
Облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарға жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын мұқият болуды ескертеді. Үлестік құрылыс туралы қолданыстағы заңнаманы айналып өту кезінде жасалған барлық мәмілелер жарамсыз. Оларға алдын ала брондау шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын беру шарты жатады.
Ал, құрылыс салушыларға Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңнамасында тиісті рұқсатсыз үлескерлердің қаражатын тартуға тыйым салынады. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 320-бабы, сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген.
Құрылыс саласына қатысты толық ақпаратты облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан, сондай-ақ, Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінен (42-11-76, 42-12-65) білуге болады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»