Жаңалықтар

“Әй, айташы, Алланы айт!..”

Жырау – өз заманының жыршысы. Елімен жерінің тұтастығын, бірлік, ынтымағын тілге тиек еткен сұңғыла. Сонымен бірге болашағына алаңдаушы тұлға. Біз мұны Бұқар жырының әрқайсысынан бажайлаймыз. Бұқар жырау тек Алаштың емес, адамзаттың жырауы екенін шама келсе, дәйекпен сөйлеп көрелік.

Бұқар жырау 350 жыл логтотип
Ол үшін ең алғашқы бұқартанушы әулие, ақын, діндар ғұлама Мәшһүр Жүсіптің айтулы сөзін мүшелеп, талдап көрелік. Мәшекең айтады: «Бұ кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың төзімі, Аплатонның білімі, Қарынбайдың байлығы керек», – деп. Бұл сөзді әркім естіген, оқыған болар. Алайда, түп мәніне зер салған кім бар?
Нұқ пайғамбар топан су болады дегенді естіп, кеме соғатыны белгілі. Бірер жыл емес, бәленбай жүз жыл. Қу тақыр құмға ағаш егіп, ол өскенше күтіп, ақыры мақсатын орындады. Кемеге адам мен жануар, құстан бір-бір жұптан алып, жолға шықты. Сенбегендер қалды, топанға көмілді. Әуелгіде оны мазақтап, бәрі келемеж еткен-ді.
«Әй, ойланыңдар. Пәленбай уақытта топан су басады. Бәрің қырыласыңдар» деп ескертті Алла Елшісі. Олар сенбеді. Сенбегені былай тұрсын, өзін келекелеп, сөзін іске алғысыз етті. Нәтижесі баяғы.
Нұқ пайғамбар тауға тоқтады кемесімен. Бұл қазір Түркиядағы Арарат тауы. Қазақ Қазығұрт дейді. Басқа басқаны айтады. Пайғамбар су қайтқанша күтті. Көгершін көмек берді. Алла оның күтуіне орай көп жас берді. Бір деректе 950, бір деректерде 1200 дейді. Анығын Алла біледі.
Мәшекең «Нұқтың өмірін» дегені я ұзақ жас, я еңбек пен қуат деп ұқтым. Күш пен еңбек, қуат – мүмин адамның негізгі ұстанымы. Түгел жазамын деушіге ендеше осынау қасиеттер қажет екен.
Екінші «Айыптың төзімі» деді ғұлама. Айып пайғамбар Алланың қандай да бір сынағына төзген. Өне бойын құрттатты, үстінен ең жағымсыз иістер шығартқан. Ол Жарықтық «Құдай салды, мен көндім» деп бәріне төзім еткен. Үстінде жыбырлаған құрттарды алып тастамақ былай тұрсын,түсіп қалса, қайта орнына қойған. «Алла сендердің несібелеріңді менің денемнен берген. Ендеше, жеңдер» деп шыдас берген.
Айып (ғ.с) жары Рахмат шынында атына заты сай болды. Бүкіл ел безді. Ол Құдай қосқан қосағын күтті, шыдады. Өзінің қос  бұрымын кесіп, сатты. Дәрі алды. Шайтан лағин сыбырлады Нәбиге. Ол шашын көрді. Сосын «жүз дүре» деді. Аманат сөзін қайтармады. Күндердің күні жазылды. Алла есіне түсірді. Ол уайым етті. Ақыры Алланың  ақылымен жүз сабақ бидаймен сабап аманатын орындады.
Қандай жағдай болмасын, күйеуіне деген берік сезімді қандай кітаптан, қандай фильмнен көріп едік?! Сол беріктік Айыптың төзімі. Сол мықтылық қосағы Рахматтың шыдамы еді. Міне, махаббаттың көкесі.
Ендеше, Айыптайын төзіммен, ыждахатпен тексер, түбін түбірле, байыбына жет демегі шығар Мәшекеңнің. Бұқардың сөзін, ләмін тексеруге, мәніне үңілуге Аплатонның білімі қажет дейді үшіншісінде. Еуропада Платон дейтін оқымысты (б.з.б. 427-347) «Пир», «Федр», «Мемлекет», «Тездет», тағы басқа шығарма жазған идеалист ғалым болған. 

«Материя – адамның бейнесі, өткінші сәулесі, адамнан тыс, тәуелсіз, өз бетімен өмір сүретін идеялар дүниесі – нағыз шындық» деп дәріптеген Аплатон.
«Патша дана тұлға болғанда, дүние шырайлана түспек. Ақылдылар табады, ақылсыздар жоғалтады. Ақымақтың екі белгісі бар. Бірі – өзіне пайдасы жоқ нәрсені әңгіме қылуға бейім тұрады. Екіншісі – сұрамаған адамға ақыл айтады» (Платон). Бұдан да терең, ғибратты лұғаттар жетерлік. Алайда, бұл Батысқа қалай келіп еді?!
Біз мұны өзіміздің ғалым, білгір данамыз Ақжан Машанидің еңбегінен табамыз. О кісінің, айтуынша, кезінде батыста шіркеу күшіне енгенде, ғалымдарын қудалай бастаған. Олар қасиетті ислам жерінен пана тапқан. Ислам ғылымды қолдайтын хақ дін болғандықтан, олардың даналық ойларын қабыл еткен. Одан әрі дамытқан. Осы ғалымдардың көш басында біздің бабамыз әл-Фараби тұр. Батыс өз құндылықтарын ислам арқылы араб тілінен алған. Түпнұсқа жоғалған, өртелген.

Мұның бәрін неге тәптіштедік?! Жамбыл Артықбаев ағамыз жазады, Бұқар жырау Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін тәмамдаған. Онда батыс-шығыс ғылымын қатар алып жүрген. Бұқарекең шығыстың жеті шайырын жатқа білген. Әсіресе, Хафизді пір тұтқан деп келтіреді.
Ендеше жазған-сызған дүниесі алмағайып заманның көмбесінде қалған сәуегей жыраудың ауыздан-ауызға жеткен жырларынан-ақ діни, ислами, адами құндылықты көкейіне сіміргенін, жаңаша леппен өз ойын жырлай білгенін бажайлайсың. Түбіне үңілсең, жаныңа леп, жұмсақ үр сыйларын түйсінесің.
Қарынбайға келейік. Мәшекең кей жазбасында Қарынбай туралы айтпайды, бірінде келтіреді. Кейін Қуандық ағадан (Мәшекең немересі) сұрағанда ғалым аға: ол – Харунд Рәшид Аббаситтер династиясының (786-809 ж.ж) өкілі екенін айтты, әрі халиф, әрі бай, өнерге, ғылымға көңіл бөлген, қамқорлық еткен өнер қайраткерлеріне. Сондай-ақ, «Мың бір түн» ертегісінің қаһарманының бірі екенін құлағдар етті. Қазақ Қарынбай деп атаған Харунд байлығын ілімге салса, біздің мына тәй-тәй басқан қадамымыз сәбидің жүрісі дерсіз, жас баланың былдыры дерсіз, бәлкім.
Жә, сонымен Бұқар жырына келелік. Көп өлең-жыр білетіндер «Он бір тілекті» жақын тұтады жанына. Жатқа білетіндер де жетерлік.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа…
Беташары – бірінші тілек. Алла атын айтады. Тілекті Аллаға жазбасқа деп бастап тұр. Мұны әркім әр түрлі түсіндіріп жүр.
Алланың жазған, сызған сызығынан аттама, қиыс жолға түсе көрме, иманыңды кірлетпе, кемелдендір, арыңды сақта, ұятыңды кірлетпе. Бұқарекең бірінші тілегінде Алланың ақ жолын нықтап басып жүр деп нұсқап тұр. Ол – өтірік айтпау, ұрлық-қарлық, өсекаяң, жалқаулық, ақ адал еңбек, тағы да айта берсе жетеді. Міне, ана ғұламаларда Алла сөзі емес, өз сөзі боп тұр. Берген кеңесі жақсы-ақ. Бірақ мөрленбеген. Бұл бірінші барша адамзатқа айтар ғақлия.
«Бес уақытта бес намаз біреуі қаза қалмасқа» дейді. Жаңағы тыйым мен ұлық істердің тілеуін Алладан тілеу, кешірім алу, оның ұлық екенін бес рет еске алып, шүкір ету, тәубе қылу. Жаныңды Алланың ерен күшімен тазалау, рух алу, оған деген махаббатты үстем қылу. Бұқар сөзі осы.
«Әй, айташы, Алланы айт», «Айтар болсаң Алланы айт» – бүкіл әңгіме барысы, басы Алла болуы керек деп тұр. Бәрін жаратушы, білуші, естуші Алланы айтсаң, ісің берекелі, өмірің мерекелі болады. «Төрт Шарияр Мұстафа Нұсқап ашқан ғаламды айт» дейді әрі қарай. Олар – Ғазіреті Әбубәкір (р.а), Омар (р.а), Оспан (р.а), Әли (р.а). Пайғамбарымыз (с.ғ.с), төрт ұлық сахабасы, халифтерді айт дер еді.
Бұрқанды, Құранды, иманды ұлық ет дей келе, он сегіз мың ғаламды айт деп нықтап қояды. Сұлтанғали інішек (бұрынғы имам) былайша тәпсірледі:
«Он сегіз мың ғаламның 6 мыңы жан-жануарға, 6 мыңы өсімдікке, 6 мыңы адамзатқа тиесілі» деп. Және осы біз басып жүрген жер-анадан өзге тағы сондай ғаламшар бар,әйтпесе болмақ. Анығы Аллаға белгілі. «Фатиха» сүресінде оны «әлхамдилилла рабул ғаламин» деп білдірмей ме?! 
Арсы менен Күрсіні айт,
Лаухы менен Кәләмді айт.
Арсы – шетсіз-шексіз көк, Күрсі – тақ.
Алла лә-мәкан (Абай) – мекенсіз. Дегенмен, Алланың тағын (біз білмейтін) келтіріп тұр дана. Лауқы – тағдыр, әу баста рух үрленбей тұрғандағы адамның, адамзаттың тағдыры, Кәлам ол бізге жазылған тағдыр, әр адамның пешенесіне. Кімге Алла иман, байлық, ілім, өнер береді, оның бәрі осында жазылған.
Ақтан сия танытқан,
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сауыт яки дәуіт – қорғалған,

қалам – жазылған дүние. Міне, ақ қағаз аппақ боп тұр еді, қалам алдым, шайбақтап із түсті. Оған бірдеңе жазылды. Ол көңілді кірлейді, я көтереді көкке, шарықтатады.
Осы біздің түсінген түсінік (Мәшһүрше). Бала, жер жұтқан дене, қараң қалған бәрі онсыз да түсінікті болар деймін. Жанымыз ұшып, тәніміз қалған кезде қараң қалмай не болады?..
Жуырда «Орталық Қазақстанда» (№19.15.02. 2018 жылы) «Бұқараның Бұқары» деген мақала жария болды. (Авторлары М.Тапашев, Б.Семқұл). «Бұқар да исламдық шарттарды азды-көпті білгені дау туғызбайды» деп келтіріпті. Осынау азаматтарға берген менің азды-көпті жауабым:
Қара қылды қақ жарған,
Наушаруандай әділді айт, дегені бар ғой.
Ғаділдігін
Наушаруандай ғаділге жеткерген,
Жомарттығын
Атымтай Жомартпен өткерген.
Күнде мейман күзетіп
Кесекілеп ет берген.
Имандының ісіне қарай бет берген. 

Бір Құдайдың дидарын Сен көрмесең, кім көрер?! 

Бұқарекең жырының тағы бір кейіпкері Атымтай Жомарт. YI ғасырда өмір сүрген деген жорамал бар. Ол аңыз, ауыз әдебиеті кейіпкері шығыс халықтарында.
Түп-төркіні Тай тайпасы ақыны Хатим ибн Абдалахқа (Хатым-Ғай) саяды. Бірінші хикаятта ол жомарт боп көрінсе, екіншісін де асқан бай, таусылмас қазына иесі, берен жан, үшіншіде – тақыр кедей. Сонда да берен боп есептеледі.
«Мың бір түннің» тағы басқа шығармалар кейіпкері еді – Атымтай. Бұқарекең Абылай науқас болғанда айтқан еді. Нобайы соған келеді.
Халық қазақтың Атымтайы деп Абылайды бағалады.
Бұл тура баға еді. Қанша сынаса да даралық-даналық осылай дегізеді. Ануширван (шын аты) сасанидтер патшасы. Хосрау I Ануширван (VI ғасырда билік еткен). Аңызда даналық, әділдікті ту еткен.Әділ патшаның ортақ бейнесі ретінде суреттеледі. Тіпті, Фирдоусидің «Шахнамасында» да бейнеленген.
Жамандыққа жақсылық, Кектемеген Еділді айт. Сонау ғұнның Еділ патшасы Еуропаны тітіреткен. Ілім иесі болмаса, сауатты болмаса осының бәрін естіп қана білді деуге әсте келе ме дана бабамыз.
«Шүршіт келем!» деген сөз бар-ды.
Көктен түскен төрт кітап,
«Інжіл» атты кәләмда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса.
Алып бір жейді ақтарып.
Көмулі көрден денеңді.
Тағы да көз жетті. Бұқарекең Інжілде осылай деп тұр дейді. Біз індетіп ол кәламды оқыған жоқпыз. Шынында, «шүршүт» (қытай) бүкіл әлемді қорқытып тұрған жоқ па?! Баршасы бұлардан аяғын тартып тұрған жоқ па?! Құдай сақтасын!
Тақырып алуан, тіні – бір. Елдің бірлігі, Алланы ұлықтау, Пайғамбарға салауат, ханға тізгін салу, ағайынның алыс-берісі, балаға тәлім, қатынға дұрыс қарау.
Сондай-ақ, адамдық дұрыс қарым-қатынас, үлкенге сый, кішіге ізет – бәрі-бәрі қамтылған. Мәшекең айтады: «Ол кісі көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Жырмен. Сөздері мұнан да мың сан көп еді. Бізге жеткені тамтығы ғана» деп. Сол тамтығының өзі Бұқар дананың бұқаралығын көрсетіп тұр-ау. Бәрі жеткенде қалай болар еді?!
«Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз».
Барша адамзатқа айтқан ақ тілек.
«Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз.
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз».
Бейбіт сүйгіш мүмин, Алланың сүйікті құлы ешкімге көзін алартпайды, үстемдік жасамайды, бейбіт ғұмырды сүйеді.
Қасиетті кітапта айтады. «Уа, адамдар. Ақындарға ермеңдер. Олар шайтанның азаншысы. Оларға еріп адаспаңдар. Тек иман еткендерінен басқа» деген сыңайда. Иман еткен жырау, ақындар еңбегі бәрі Құранмен үндес. Бұқар, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп. Негізгілері – осылар.
Біз жоғарыда келтірген ғұламалар лұғаты тек өз санасымен біліп айтқандары. Бұқарекең Алланы танып, оның сөзін түсінікті етіп, өзінше жаңғыртты. Артықтығы сонда болар. Әгәр әкім, осынау дананың, оның өзіміз айтқан ізбасарларын дүние жаһан тіліне аударып басса, барша жұрт дәмін көріп, бас шайқап, жүрегіне иман келтірері сөзсіз еді.
Бір ғұлама айтқан сөз есте. Сократ, Аристотель, Платон өз заманында ғұлама, ұстаз болды. Шәкірттері бүгінге дейін жетпеді.
Құр айтушылар болмаса, ергендері жоққа тән. Мұхамед (с.ғ. с.) үмбеттері жыл, ғасыр, дәуір өткен сайын үстемелеп көбеюде. Қазақ даласында адамзат атынан үн қатқан Бұқар жырау бар. Егер адамзат атынан үн қатпаса сондай ақиқи жырларды айта алар ма еді?! Сонау XIX ғасырда Радлов тамсанған: көшпелі руханияты отырықшыдан анағұрлым терең, анағұрлым биік. Биік төбеде отырып, санасын, қиялын ғарышпен астастырады. Кең ойлайды, кең пішеді. Тар жердеотырған еуропалықтардың баласы (10-12 жасар) әлі сәби болса, олардың сондай балалары салмақты, салиқалы ой айтады, жауап береді. Міне, батыс ұлы бас иген көшпенді балалары сондай-ды бір уақта…
Көктен түскен, хақтан түскен иллаҺи сөзбен боялмаған соң, бүгінде біз үшін солғындау. Ал, Бұқар баба сөзі Алла сөзімен тұғырланды. Сондықтан, Бұқар сөзі ұтымды, дәлелді дегенім ғой. Олардың аты, заты тауарих бетінде әлі де алтын әріп. Сол алтын әріппен жазылғандарға Бұқар есімін де     қосып, жаһан тіліне аударсақ құба-құп. Сонда баба аманаты орындалар. Сонда ұрпақ парызы орындалар. Мен соны қаладым.
«Әлімнің хаты өлмейді» деген өз сөзі сонда жаңғырар. Сіз солай түсініңіз, «жүрегі жұмсақ білген құл» (Абай).
Бірсыпыра уақыттан бергі менің түйген пайымым, пірдің аманаты, менің сезгенім осылай деуіме пәрмен берді.

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button