Ізгі пейіл айғағы
Абай қаласындағы «Жеңіс» сауда үйінің «Тайм-кафе Smile» жастар-сауық алаңында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың 1-сыныпқа баратын балалары мен ата-аналарына арналып, «Мектепке жол» акциясы аясында тағылымды іс-шара өткізілді.
Іс-шара ұйымдастырушылар – «Жағымды даму» («Позитивное развитие») жеке меншік мекемесі, Абай қаласы отбасыларын қолдау орталығы, «Кәусар» әйелдер көшбасшылығы мектебі және Абай ауданының кәсіпкерлер қауымдастығы.
Бағдарламаға сәйкес, отбасыларды қолдау орталығының психологі 1 сыныпқа алғаш баратындар мен олардың ата-аналары үшін арнайы психологиялық тренинг өткізді. Балалармен арнайы сынақ ойындары ұйымдастырылып, олардың ата-аналарымен «Мектеп қабырғасындағы алғашқы қиындықтарды қалай еңсеруге болады?» тақырыбында сөз қозғалды. Бүлдіршіндерді ұйымдастырушы тарап ұсынған оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен тәтті-дәмділер ерекше қуанышқа бөледі. Олар «Relax cinema» шағын кинотеатрына зор қызығушылықпен барып, «Алтын айдаһар туралы аңыз» мультфильмін қызыға тамашалады.
Қысқаша түйіндегенде, ізгі пейілдің айғағы іспетті іс-шараның әсері оған қатысушылар күткендегіден әлдеқайда асып түсіп, баршаның шексіз ризашылығын туындатты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»
АБАЙ ауданы.