Ізгі ниет – көңілге демеу
Балқаштықтар шарапатты істің басын қайырды. М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында төрт жасар Ислам ТҰРСЫННЫҢ еміне қаражат жинау мақсатында қайырымдылық концерті өтті.
Концерттік шараға ардагерлер қауымы, кәсіпкерлер мен жомарт жандар арнайы келіп қатысты. Қала еріктілері мұрындық болған қайырымдылық концертінде өңірдің күміскөмей әншілері мен мәдениет майталмандары өнер көрсетіп, мерекелік кешке өз үлестерін қосты.
Туғаннан қос жанарынан бірдей айырылған балақайға бұған дейін Алматы қаласында үш мәрте ота жасалды. Нәтижесінде бүлдіршіннің көру қабілеті 8 пайызға ғана жақсарды. Ендігі ота Ресейде жасалмақ. Санкт-Петербург қаласының хирургтерінің айтуынша, баланың көру мүшесін жақсартуға үміт бар екен.
Еріктілер концерттен бөлек, бірнеше сауда үйлеріне арнайы жәшіктер қойып, 650 мың теңге жинапты. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден қайырымды жандар 1 млн. теңгеге жуық қаржы аударған. Бүгінде балдырған Ресейге жолға шықты.
Айман БАЗЫЛХАН.
БАЛҚАШ қаласы.