Руханият

Ізгі ізденіс, деректі мағлұмат

Филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымов және елдің арғы-бергі тарихын білетін Бейбіт Қасенов, Мағауия Әбілжанов «Алсай шежіресі» деген кітап құрастырды. Өткенді тануға шежіренің айтары көп. «Ертең деген сөз – ынжықтар мен балалар ғана сылтаурататын сөз» деген данышпаннан қалған сөз бар. Қолымызға жаңа түскен «Алсай шежіресі» ізгі ізденіс, деректі мағлұматтармен ерекшеленетіндігін түсіндік. Көлемі 400 беттен асатын, бір мың данамен жарық көрген «Алсай шежіресі» тарихи-танымдық кітап екендігін еңбектің мазмұны да түсіндіріп тұрғандай. Кітап – 4 бөлім, 13 тараудан тұрады.

Алғашқы бөлім – «Ата тарихқа ат үсті қарамайық» делініп, осы бөлімде «Бабалар аманатына адалдық», «Алтай – Алсай: естеліктер мен ескерткіштер», «ХІХ ғасыр­дағы ел шежіресі» тарауларында бұл рудың шығу тегі, дамуы, бастан өткен тарихи оқиғалары нақтылы деректер бойынша жазылған.

Жалпы автордың Алсай руын жеке-дара алмай, оның басқа да рулармен жақындығын, туыстық негіздерін тартымды баяндаған.

Екінші бөлім – «Алсайдың айтулылары» деп аталып, бұл бөлімде Алсайдан шыққан дін өкілдері, дәулетті адамдар, ардақты аналар, өнер өрендері толықтай жан-жақты талданып, еселі еңбектері мен жеткен жетістіктері бейнелі суреттері арқылы түсіндіріледі.

Үшінші бөлім – «Алсайдың әлімдері мен әкімдері» дей келе, Алсайдан шыққан ғалымдар, елі мақтаған есімдер, сұрапыл жылдары майдандағы есіл ерлер тағылымдық тұрғыдан берілген.

Төртінші бөлімі – «Алсайдың жер мен ел шежіресі» деген атау­мен беріліп, осы бөлімде бұл рудың ата қонысы, жер шежіресі, төл шежіресі тұтастай жүйелі жазылғанын білдік.

Жалпы, бұл еңбекте ең алды­мен шежірені жазудың жаңа бір үлгісі, өзіндік мәдениеті қалыпта­са бастағандығын аңғардық. Ав­тор не айтса да асыра, асыға айт­­пай деректер мен дәлелдерді те­мір­қазық қылып ұстаған. Еңбе­ктегі жасалған сілтемелер, әдебиет­тер соның дәлелі екендігі анық. Ата-текті таратқан шежіреде ескертулер бұрынғы шежіре таратушылар еңбектері мен кейінгі ата-бабасын таратушылар шежіресі арқылы беріліп, Алсайдың шежіресі әр атаның ұрпақтары жинақтаған деректер бойынша жазылғаны айтылған. Сонымен қоса, кей атасын таратушылар «қыздарды қоспау керек» десе, келесілері оған қарсылық білдіргені аталған.

Біздіңше, ертедегі түсініктің қалыс қалатын кезі келді. Біздің шежірелер негізінен ауызша айтылып, кейін жазба тіліне түскен кезде тасқа, шиге жазылғанда со­лай болғаны мәлім. Үрім-бұ­тақтың бәрін жазу мүмкін емес еді. Екіншіден, біз шежіреге араб­тың сөзімен емес, түркілердің көзімен қарауымыз керек.

Туыс-туған, жекжат-жұрағат ұғымдары да бұл кітапта назарда ұсталған екен. Алайда автордың әр сөзінен өзіңді түсініп, бағалайтын туыстарыңның санына емес, санасына қарай сыйласқан дұрыс деген тұжырымы – еңбектің түйіні болса керек.

Әлімжан Жақан,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button