Жаңалықтар

Ізгі іс бастауындағы жерлестер

Дәстүрлі республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығын иеленгендер қатарында қарағандылықтар есімі жиі аталады. Әр жылдары бірнеше жерлесіміз топ жарды. Мәселен, 2018 жылы Қарағанды облысы 4 номинацияда аталып өтті.

«Үздік ұйым» номинациясында «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ үздік шықты. Кәсіпорын әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге қомақты қаржы жұмсады. Тұрақты түрде материалдық көмек көрсетіп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайырымдылық шараларына 471 млн. теңге қаржы бөлді. Кәсіпорынның қамқорлығына бөленгендер қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және тұрмысы төмен отбасылар кеңінен қамтылған.

«Ерен еріктілік» номинациясын қазақстандық тәуелсіз блогерлер желісінің мүшесі Андрей Савчук иеленді. Оның есімі Қарағанды облысынан тыс жерлерде белгілі. Андрей Витальевич – облыс блогерлері командасының кураторы. «Расскажи мне» қайырымдылық жобасының, «Wehelp» қайырымдылық қорының үйлестірушісі. Балалар үйлеріне жиі барып тұрады. Өз серіктерімен бірге волонтерлік жұмыстармен айналысады.

«Жыл меценаты» номинациясына «Шахтерское» ЖШС-нің директоры Георгий Прокоп лайық деп танылды. Георгий Георгиевич өзінің ауылы – Шахтер ауылына тұрақты түрде көмектесіп тұрады. Ауылды абаттандыру жұмыстарына 500 млн. теңге қаржы бөлді. Ауыл әкімшілігінің ғимаратын жөндеп, оны мемлекет меншігіне тапсырды. 100 млн. теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызды. Өз қаржысына жылытылған киім ауыстыру бөлмесі бар хоккей кортын тұрғызды. Хоккейшілерді киім-кешекпен қамтыды.

2018 жылы Шахтер ауылының халықтық үрмелі аспаптар оркестріне жапондық музыкалық аппарат алып берді.

Георгий Георгиевич жас отбасыларға, «Шахтерское» серіктестігінің қызметкерлеріне де қамқорлық көрсетеді. Жастар некеге тұрғанда – 150 мың теңге, ал, сәби туғанда 100 мың теңге сыйақы береді.

«Жыл тұлғасы» номинациясында «KMG International» компаниясының бас директоры Жанат Түсіпбековтің аты озды. Жанат Рашидұлы жыл сайын Қарағанды облысындағы 20 мамандандырылған балалар мекемелеріне демеушілік және қайырымдылық көмектерін көрсетеді.

Бөлінген қаржы есебінен киім-кешек, жиһаз, тұрмыстық техника, қажетті жабдықтар сатып алынады.

2015-2018 жылдары Қарағандыдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйіне, «Дом надежды», «Әсем», «Таңшолпан», «Құлыншақ» балалар үйлеріне, Теміртаудағы балалар үйіне, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, «Қайнар» жасөспірімдер үйіне, «Ботакөз» сәбилер үйіне, Осакаров ауданындағы жетім балаларға арналған Литвин мектеп-интернатына жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, Жанат Түсіпбековтің демеушілігімен облыстағы балалар үйлерінде Жаңа жыл, Балаларды қорғаудың халықаралық күні және тағы басқа мейрамдарға орай мерекелік іс-шаралар өтіп тұрады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button