«Ізденіс. Жаңашылдық. Тәжірибе. Әрекет» атты педагогикалық хакатон жоғары деңгейде өтті
Қарағандыдағы А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Ізденіс. Жаңашылдық. Тәжірибе. Әрекет» атты мектепішілік педагогикалық хакатон жоғары деңгейде өтті. Ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, тың идеяларды ортаға салуға бағытталған бұл шара білім беру саласындағы жаңашылдықтың жарқын көрінісіне айналды.

Хакатон барысында педагогтер өздерінің шығармашылығы мен ізденісін танытып, заманауи білім берудің тиімді тәсілдерін ұсынды. Бұл алаң – тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларға жол ашатын ерекше мүмкіндік болды. Шара барысында сөз алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясының директоры Сәуле Далбаевна «Бұл – идеялар тоғысатын, тәжірибе алмасатын, жаңашылдыққа жол ашатын ерекше алаң», – деп атап өтті.
Хакатонның негізгі мақсаты – педагогтердің әлеуетін біріктіру арқылы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын әзірлеу, кәсіби біліктілікті арттыру және заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеде кеңінен қолдану. Шараға тәжірибелі сарапшылар қатысып, ұсынылған жобаларды жан-жақты бағалады. Олардың қатарында Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Төлеубике Байжігітова, облыстық «Озат» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Шолпан Фаткулина, «AZMAR PREMIUM МЕКТЕБІ» ЖШС директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Жартай Жәнібек, Педагогикалық шеберлік орталығының халықаралық деңгейдегі сертификатталған тренері Қаламқас Әбдікәрімова және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Нұрғазы Өтебаев бар.
Хакатон барысында бірнеше команда өз жобаларын таныстырды. «KomekLaik» тобы буллингке қарсы бағытталған мобильді қосымша ұсынып, оқушылармен жедел байланыс орнату мен қолдау көрсету тетіктерін көрсетті.
Қорытынды бойынша І орын – «KomekLaik» тобына берілсе, ІІ орын – «Ой-қазына» және «Зияткер» топтары лайық деп танылды. ІІІ орынды – «Белес» және «Шабыт» топтары қанжығаларына байлады. Жеңімпаздар арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz





