Қияр құны – етпен тең
Қарағандыда қияр мен қызанақ құны қазір етіңізге миығынан күледі. Бұл қияр жалына қол салдырмай тұрғалы
айдың жүзі. Мерекелердің алдында дүкендегі бағасы ақырып,
аспанға шапшыған қияр әзірге сабасына түспей тұр.
Жергілікті билік өкілдері, әуелі бағаның өсуін ауа райының
салдарынан оңтүстіктен жете алмай жатқан көкөністердің
керуенімен байланыстырған еді. Сөйтіп, жаңа жылдың
алдында қиярдың «қысымы» түсетініне сендірген. Бірақ,
билік айтты екен, түсе қалайыншы деп, сылқ еткен қияр
да, қызанақ та жоқ. Қиярдың құны 1000-1200 теңгеден төмен
сырғымай-ақ қойды. «Сонда, – дейді иығымыздағы қауашақ, – басқа-басқа Қарағандыны көкөніспен қарқ қылады деген
жылыжайлар осындайда жарылқамағанда, енді қашан?»
Қарағанды Құдайға шүкір, жылыжайдан құр алақан емес. Басқасын айтпағанның өзінде, аты әлімсақтан әйгілі «Топар жылыжайы» бар. Одан бері де Индустрияландыру картасындағы ауқымы ат шаптырым жерді алатын «Грин Технолоджи» ЖШС жылыжайы және бар. Бірақ, сөйте тұра, сырттан өнім жеткізілмесе, біздің жылыжай өнімінің бағасы күрт «жалын күдірейтіп» шығады. Неге? Жалпы, өзі жергілікті өнімдер неге қымбат? Логика бойынша, сырттан келетіндерге қарағанда жергілікті өнімдер сәл-пәл арзан болуы керек емес пе? Алайда, олай емес. Өйткені, жария етілген деректер бойынша жылыжайдағы өнім беретін көкөністерді қайта отырғызу қаңтарда ғана басталмақ. Соған орай, өнімнің көлемі де азайып кеткенге ұқсайды. Бірақ, жыл он екі ай үздіксіз өнім беруді міндет етіп алған жылыжайлар «қыс келерін білмеп пе еді, жаны үшін бір шаруа ала жаздай қылмап па еді?».
Әрине, қияр мен қызанақ тұтқа емес. Дүниенің, ас-ауқаттың оған тіреліп тұрған дәнемесі де жоқ. Дастарқанда қияр, я қызанақ жоқ деп қызылкеңірдек болатын қазақ емес. Аш қалмайды қиярсыз.
Десек те, айтарымыздың ауаны – іргемізде жылыжайлар тұрып, басқа аймақтардан келетін өнімге тәуелді болуымыз. Бұл нарық заманында қаншалықты қисынды? Жобалардың беліне байлаған шоқпарларын көтере алмай жататыны несі екен?!
Кезінде жаңадан салынған жылыжайдың қуаты Қарағандыны ғана емес, Астана өңірін де қамтуға шамасы жетеді делінген. «Жобалық қуаттылыққа шыққан соң жаңа жылыжай кешенінде жылына 4050 тонна томат, 5400 тонна қияр және 9 млн. раушангүл өсіріледі. Бұл Қарағанды өңірі мен Астана қаласын маусымаралық кезеңде сапалы көкөніспен және гүл өнімдерімен қамтамасыз етеді деген үміт зор» деп жаздық кезінде. Гүлін қойшы. Қиярды айтсаңызшы. Әйткенмен, уақыт басқаша «сурет» ұсынады. Сол «деуден» әрі аспай қалғандығымыз «қарнымызды аштыратын». Қиярды тіске баспағандықтан емес. Уақыт өткен сайын бұл жылыжайлардан жылы леп емес, қымбатшылықтың «ызғары» есіп жүр. Бұған келіспеске, «олай емес, былай» деуге дүкендегі баға амалыңызды қалдырмайды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА