Иттің бізден «несі кем?»
Бүгінде қалалық жерде үй жануарларын асыраушылар саны артқан. Мамандар кейбір жандардың қоғамнан, отбасынан таппаған жылуды ит пен мысықтан іздейтінін айтады. Жануарды жақсы көрген жөн ғой, әрине. Әйтсе де, ит пен мысық асыраушылар санитарлықэпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтерді сақтаған күннің өзінде бір мәселе жабық күйі қалып келеді. Көпқабатты үйде жануар асырайтындар ешбір коммуналдық төлем төлемейді. Бұл тұрғыда Балқаш қаласы тұрғындарының да айтар назы бар.
Мамандардың айтуынша, үйлерінде ит пен мысық асыраушылар ветеринарлық құжат алу, байлап ұстау, тұмылдырық кигізіп, серуендету қағидасына сәйкес әрекет ету қажет. Алайда, бұл қағиданы ескермейтіндер де бар.
– Үй жануарларын ауладағы балалар ойын алаңында, спорт алаңында, балабақша-мектеп, емдеу мекемелері аумағында, саябақтарда қыдыртуға, қоғамдық шомылу орындарында, субұрқақтарда шомылдыруға болмайды. Міне, осы сынды бірқатар ескертулерді орындамай, заңды белден басатын тұрғындар бар. Бұлар үшін жауапкершілікті күшейту қажет, – дейді қала тұрғыны Жақсыбек Құдайбергенов.
Балқаш қалалық ветеринарлық стансасы мекемесінің басшысы Ардақ Аманқұловтың мәлімдеуінше, ит пен мысық асырағандар көршілеріне зиянын тигізбеуі шарт.
– Қолымыздағы есепке сәйкес, қазір Балқаш қаласы бойынша пәтерде – 1200 ит, жер үйлерде – 3300 ит, кәсіпорын-мекеме аумақтарында 500 ит бар. Сондай-ақ, қала ішіндегі қаңғыбас иттер 500-ге жуықтайды. Жеке үйде немесе көпқабатты пәтерде үй жануарын асырауға шектеу қойылмаған. Тек, қағидада көрсетілгендей, олардың міндетті түрде құжаты, құтыруға қарсы вакцинасы және көрші-маңайдың рұқсаты болуы қажет. Ветеринар дәрігер оларды жиі тексеріп тұруы тиіс. Өйткені, ит пен мысықтан құтырудан басқа, гельминттер мен түрлі паразиттік аурулардың жұғатыны дәлелденген, – дейді Ардақ Сағынтайұлы.
Қалалықтарды толғандыратын тағы бір мәселе – ит пен мысыққа коммуналдық төлем төлеу жайы. Үйде тұратын ит-мысық барлық коммуналдық қызмет түрін пайдаланады. Яғни, әр итке адам тұтынғаны сияқты жылу, су, жарық жұмсалады.
– Мені осы мәселе толғандырады. Егер, адам сәбилі болып жатса, бірден коммуналдық төлем қосылады. Ал, адам сияқты су-жылуды пайдаланып отырған иттің бізден «несі кем?». Қалалық әкімдік ит пен мысыққа да төлем алу жағын қарастыруы тиіс, – дейді Жақсыбек Құдайбергенов.
Әр жануар тиісті органда тіркелетіні анық. Сол құжат бойынша төлем алу қажет деп санайды балқаштықтар.
«Әрине, пәтерінде ит-мысық ұстайтындар өлшеуіш құралы арқылы артық шығын үшін тиісті төлем жасап отырғанын алға тартар. Әйткенмен, пәтерде тұратын 1200 ит қыс кезінде берілетін жылудың рахатын тегін көріп отырғанына сенімдіміз». Бұл – белсенді топ уәжі.
Қазір көпқабатты үйлердегі ит пен мысыққа коммуналдық төлем алу тәртібі қарастырылмаған. Дегенмен, шаһар тұрғындарынан құралған белсенді топ «бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз» деп отыр.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.