Бас тақырып

IT-WEEK.KZ – 2019 форумының үздіктері анықталды

Екінші рет жалауын көтерген дәстүрлі халықаралық T-WEEK.KZ – 2019 форумы аяқталды. Қатысушылар екі күн ішінде қала тұрғындарының өмірі мен мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін мобильдік қосымшалар мен бағдарламалар әзірлеуге барын салды. Жүз жетпістен астам студенттер мен жас мамандар арасынан жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Форум бағдарламасында отандық және шетелдік IT-компания өкілдерінің шеберлік сабақтары, бос орындар жәрмеңкесі және сандық технологиялар көрмесі болды. Шараның басты оқиғасы – 48 сағатқа созылған хакатонға студенттер мен жас мамандардан құралған 30 команда қатысып, олардың жұмыстарын ірі IT-компаниялардың білікті мамандары бақылады.

Үш кезеңнен тұратын хакатонның біріншісі – білім беру. «Стартап мектебі» деп аталған бұл бөлімде қатысушылар өз идеяларын ортаға салып, оларды модельдеумен айналысты. Екінші – менторлық кезеңінде қатысушыларға көмек көрсеткен кәсіпкерлерден құалған 1 ментор болды. Қорытынды – тікелей даму кезеңі. Қорытындысы бойынша жартылай финалға өткен сегіз команданың ішінен үш үздікті таңдадық, – деді «Мост» бизнес-инкубаторының директоры және форумды ұйымдастырушылардың бірі Әлім Хамитов.

I орынның 500 мың теңге қаржылай сыйлығы RoadGuard бағдарламасының прототипін жасаушы командаға бұйырды. Бағдарламалық қамтамасыз ету – такси және қоғамдық көлік қызметтерін QR-кодтың көмегімен ұялы телефон арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Кері байланыс атқарымына ие осы автоматтандырылған жүйенің мобильді қосымшасы мен веб-нұсқасын жас бағдарламашылар 48 сағат ішінде жасап үлгерді.

II орынның 300 мың теңге көлеміндегі жүлдесін Clean City қосымшасын жасаушылар иеленді. Ол пайдаланушыларға қаланы тазалауға жауап беретін ведомствоға рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлердің фотосуреттері мен геолокациясын жіберуге көмектеседі. Бұл бағдарлама сынақтан өтіп, жұмысқа толық дайын тұр.

III орынның 200 мың теңге сыйлығын Garbage Collector жобасын жасаушы команда жеңіп алды. Бұл алдыңғы жоба секілді қаладағы рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді анықтау мақсатында әзірленген. Бұл толық қосымшаның прототипі ғана, бірақ қазылар алқасына топ мүшелерінің алға қойылған тапсырманы орындау идеясы мен мұқият атқарылуы ұнаған.

Марапаттау салтанатының соңы пленарлық сессияларға ұласты. Онда Wooppay компаниясының негізін қалаушы Александр Дорошенко, компанияның аға менеджері, EPAM Systems жобалау кеңсесінің басшысы Вячеслав Василенко, Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов және басқалары сөз сөйлеп, форумның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Былтырғы форуммен салыстыра отырып жастарға біршама ақпарат берумен қатар, дайындап келген бейнежазбалары арқылы алдағы жоспарларымен бөлісті. Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, Қарағандыда үлкен кеңсесі бар америкалық EPAM Systems компаниясы қатысушыларға қызығушылық танытқан.

Бүгінде облыс аумағында мың бес жүзге жуық IT маман болса, алдағы 5 жылда олардың санын шамамен 15 мыңға жеткізу жоспарланып отыр екен.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button