Бас тақырыпЖаңалықтар

IT-форум – жас дарынға кең өріс

Дәстүрге айналған халықаралық IT-форум биыл екінші рет жалауын көтерді. Айтулы шараға 170-тен астам студент пен жас мамандар қатысуда. Оларға отандық және халықаралық IT-компаниялардың жетекші мамандары және қарағандылық жоғары оқу орындарының білікті ұстаздары дәріс оқып, тәжірибелік сағаттар өткізеді. Мұнда қатысушылардың бірнеше топқа бөлініп, білімдерін толықтыруымен қатар, бағыт-бағдар алуы – жоспарлы меже..

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форум бағдарламасында үш күндік хакатон, IT­Бос орындар жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары мен сандық технологиялар көрмесі бар. Қатысушылар үш күн ішінде қалалықтардың өмірі мен мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізетін мобильді қосымшаны немесе бағдарламаны дайындап ұсынулары керек. 

Ұйымдастырушылар биылғы форумға қатысушыларға тұрғын үй кезегінде жылжу мониторингі үшін қосымшалар мен қалада электр энергиясын үнемдеуді көздейтін бағдарламалар әзірлеу сияқты бірнеше кейстік тапсырмалар дайындаған екен. Ал, жеке міндетті кейсті іс-шараның серіктесі «Авиата» компаниясы ұсыныпты. Командалар бір тапсырманы таңдап алып, үш күн оның шешімін табу бағытында жұмыс істеу мүмкіндігін иеленгенін айта кету керек.

– Форумның негізгі идеясы – дарынды түлектер мен колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің басын біріктіру. Қатысушылар халықаралық компаниялардың мамандарынан дәріс алып,  жастық шақта уақытты бекер жұмсамаудың жолдарын үйренеді. Қазір мобильді техниканың дәуірі. Жас мамандарды «Осы жерде жұмыс істеудің пайдасы бар ма, әлде қашықтан жұмыс істеген тиімді ме, кеңселерде уақытымыз бекер өтпей ме?» – деген сауал мазалайды. Сондықтан да, біз форумға тәжірибе алу шарттылықтарын енгізгіміз келеді. Өткізілген шара қатысушыларға және  бізге де нәтижелі болуы үшін өзімізде бар тиімді тәжірибелермен, идеяларымызбен алмасуға тиіспіз, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өз сөзінде. Биылғы форумның хэдлайнері – танымал бағдарламашы әрі кәсіпкер Бағдат Мусин. Ол әр жылдары Әділет министрлігінде, Байланыс және ақпарат министрлігінде қызмет атқарып, басқа да жауапты лауазымдардың тізгінін ұстаған білікті маман.

Бағдат Мусин қысқа да нұсқа, мейлінше тартымды баяндамасымен қатысушыларға ынта-жігер, рух  сыйлап, сәттілік тіледі. Оның айтуынша, Қарағанды алып өндіріс ошағы болғандықтан, IT мамандарын дайындайтын үлкен мектеп. «Сондықтан да, сол IT мамандардың шетелге кетуіне жол бермей, Қарағандыда отырып-ақ, қыруар нәпақа табуына мүмкіндік бере алатындай үлкен орталық құруымыз керек. Мен форум барысында осы мәселені көтердім. Аталмыш мәселе шешімін тапса, форум жұмысы жемісті болды деген сөз» – дейді ол. Іргелі іс-шара 27 қыркүйекте қорытындыланады.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжановтың айтуынша, ақтық сайыста шынымен де көңілге қонымды және жұмысқа дайын жоба пайда болса, онда аймақ билігі оны әзірлеушілермен келісім-шарт жасауға дайын екен. Форумның соңғы күні бірқатар пленарлық сессиялар жоспарланған. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінің өкілдері, Лозанн қаласындағы (Швейцария) Мон тре қонақ үй-университеті ақпараттық технологиялар факультеті деканының орын басары, сондай-ақ, Epam Systems халық аралық компаниясы өкілдерінің сөз сөйлеуі де сол күнге белгіленіпті. Былтыр тұңғыш рет өткізілген IT-форум Ал матыда ұйымдастырылған еді. Онда бірқатар жобалар ұсынылып, солардың бірі «Белсенді азамат» қосымшасы – Қарағанды облысының ТҮКШ саласындағы барлық мемлекеттік органдар мен қызмет көрсетушілер арасында белсенді пайдаланылуда. Қолданушылар белсенділік танытып, ұялы телефонның фото қосымшасы арқылы ашық қалған құдықтарды, толып кеткен қоқыс жәшіктерін, тозған балалар алаңдарын және тағы басқа келеңсіз жайттарды суретке түсіріп жібере алады. Бағдарлама автоматты түрде геолокацияны анықтайды да, тиісті мемлекеттік органға немесе мекемеге өтініш береді. Қосымшаның авторы – жас IT маманы Сабыр Ниязов. Қазір ол бес миллион теңге сомасында өзінің алғашқы келісім-шартын жасауға дайындық үстінде. Рустам Байжанов тоқталып өткендей, алғашқы форумның басқа да қатысушыларымен аймақ басшылығы байланыс орнатып, жаңа идеяларды әзірлеуге қолұшын бермек.

– Биылғы форумның ерекшелігі басталған сәттен байқалды. Мен ойлағаннан да тәжірибелі мамандар келіпті. Қатысқаныма қуанып отырмын. Біз өз жобамызды алып келдік. Қазір топқа бөлінген соң, сол жоба үстінде жұмыс істеп, сәтті қорғауға бар күшімізді саламыз, – дейді ҚарМУ-дың математика және ақпараттық технология факультетінің III курс студенті Сұлтан Құрманов.

Сонымен қатар, форум аясында IT технологиясына жетік компаниялардың және оқу орындарының салалық көрмелері де ұйымдастырылған. Тек қатысушылар ғана емес, жалпы көпшілік қауым заманауи озық технология жетістіктерімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Мысалы, Қарағанды  IT мектебі көрмеге қазақтың ұлттық ойыны қыз қууды насихаттайтын роботтарды ұлттық нақышта безендіріп, ел назарына ұсынды. Сондай-ақ, мұнай өңдейтін және жылыжайды қалыпты ауа қысымында ұстап тұратын құрылғыларын әкелген. Жұртшы лық көрмеде робот жасау, және интернет ойындарын пайдалануды үйрету, баланың жетістігі мен қайда жүргенін бақылау, қаланы бейнекамералармен қамту және фейк ақпарат иелерін анықтау сияқты көптеген қызметтер ұсынатын қосымшаларды қызыға тамашалады.

Жалпы форумның сапалы әрі жинақы ұйымдастырылғанына, заманға лайық ел сұранысын қанағаттандыра алатын дүниелерге көңіл бөлінгеніне қуандық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button