Ресми

ІТ-алқап: Қарағанды көш бастап тұр

Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытуда және инновациялық экожүйені құруда белгілі табысқа қол жеткізді. 5G желілерін дамыту, Astana Hub бастамасын іске қосу және халықаралық инвестиция тарту – IT сектордың жедел дамуына әсер етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инновациялық инфрақұрылымды дамытуды еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды кепілі екенін атап өтті.

Президент Қазақстан үшін 2026 жылға қарай $1 млрд-қа дейінгі сомадағы ІТ қызметтер экспортымен әлемдік деңгейдегі IT көшбасшысына айналдыру жөніндегі өршіл мақсатты белгіледі. Бүгінгі таңда Astana Hub – Орталық Азиядағы көшбасшылыққа үміткер ең маңызды цифрлық орталық. Оның ІТ қызметтері мен өнімдерінің жылдық экспорты $500 млн-ға жетеді. Astana Hub негізге алып ашылған қарағандылық «Террикон алқабы» бүгінде жас кәсіпкерлердің стартап-жобаларын белсенді ұйымдастыруда. Өңірлік хабтың жұмысымен жақынырақ таныстыруды жөн көрдік…

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жастар қалаға жаңа леп беруде

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнес-инкубатор, коммерция­ландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанды IT- елге айналдыруды және елдің Еуразиядағы тораптық транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуды жүктеді. Бұл орайда жасанды интеллект технология­ларын қолдану маңызды. Білікті мамандарды даярлауға баса назар аударуды тапсырды, – деп бастады әңгімесін «Террикон алқабы» ІТ-хаб директоры Сабыр Ниязов.

Аймақ IT хабының бастамашысының айтуынша, кеншілер шаһарына білікті 10 000 ІТ маман тарту – алдағы жылдардың еншісіндегі жоспар.

– Біз үшін әлемде Қарағандыға тең келер қала жоқ. Талантты, белсенді, іскер адамдардың бір қалада «Террикон алқабына» бас қосуы бұл күшті «кейс» болды. Цифрлық технологияға жақын жандар үшін жағымды кеңістік әрі тартымды нүкте жасау – зор маңызға ие. Біздің қалада Лондон, Нью-Йорк және Мәскеудегі коворкингтер мен акселераторлардан кем емес орта бар. Кейде «Террикон алқабына» алғаш келгендер «Мен Қарағандыда емес секілдімін» дейді. Осының өзі бізге үлкен күш береді. Қазіргі таңда үйлер, ғимараттарға қабырға суреттерін салып, Урбанизм орталығын дамытудамыз. Қаланы шаңнан тазартып, заманауи эстетика сыйлаймыз. Жастар осылайша қалаға жаңа леп беруде, – дейді «Террикон алқабы» ІТ-хаб директоры Сабыр Ниязов.

Хаб директоры сөзінің жаны бар. Қазақстан бойынша алғаш ашылған қарағандылық IT-hub – «Террикон алқабы» бүгінде елімізге танымал екені сөзсіз. Олай дейтініміз, отандық 16 үздік IT мектеп және 14 өңірлік хаб арасында «Террикон алқабы» жастарының әртүрлі салаларда әзірлеген өнімдері әлем назарын аудартып отыр. Мәселен, «Террикон алқабы» түлектерінің АҚШ-қа оқуға шақырылғаны Қарағандының абыройын асқақтатты.

– Қазіргі уақытта Қарағандыда цифрлы технологиямен айналысатын 6000-нан астам маман бар. Біздің мақсат – 2025 жылға дейін 10 мың IT маман даярлау. Өңірлік хаб кеңсесінің өзіне тек қарағандылық жастардың ерекше жобасын қоямыз. Олардың басым көпшілігі қаланы дамытып, өркениетін көтергісі келеді,– дейді Сабыр Ниязов.

Бүгінде қарағандылық «Террикон алқабында» бірнеше IT және Digital мамандар бар. Ал, аймақта 3 мыңға жуық IT-компаниялардың қызметкерлері жиналған. Бағдарламашылардың болжамынан түйгеніміз, жақын арада Қарағанды бағдарламашылары үшін үлкен серпіліс қолданыстағы EPAM компаниясының кеңеюімен байланыс­ты болуы мүмкін. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Бұл модель сондай-ақ, ірі аутсорсингтік «IT-фабрикаларды» дамытуға бастайды.

«Біртұтас инновациялық экожүйе құру – маңызды»

«Террикон алқабын» аралап жүріп Мемлекет басшысының «Аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет» дегені ойымызға келді.

Өңірлік хаб жастарымен пікірлескенімізде, біздің өңірдегі дарынды әрі ойы ұшқыр азаматтардың бірі – Әділ Хамит екеніне көз жеткіздік. Өткен жылы облыс әкімінің жастарды қолдауға бағытталған грантын ұтып алған Әділ қазіргі таңда Astana Hub халық­аралық технопаркінің резиденті. Нео компаниясында жұмыс істейтін ол Қарағандының «Террикон алқабында» тәжірибеден өткен. Әділдің білім саласына қатысты виртуалды «Жасанды интеллект» жобасы қазақша сөйлейді. Сондай-ақ, «Жасанды интеллектімен» сөйлесуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда студенттерге қазақ тілін үйреткісі келетін қазақстандық ЖОО-лар жобаға қызығушылық танытып отыр.

– Кез келген сала өзгерісті, дамуды қажет етеді. Қарағандыда әлі де болса, IT саласын дамыту қажет. Осы мамандықта білім алып жүрген ЖОО студенттеріне қарап, IT маман болу үшін – белгіліні ғана игеру жеткіліксіз деген ойға келдім. Базалық білім бойынша ағылшын тілі мен математикалық есептеулерді білуі керек. Кейін идея келеді. Базалық білім болмаса, бұл саланы меңгеру қиын. Ол «Мен телефонды интернетке қос­тым, IT саласын білемін» дегендер құрғақ сөз, – дейді ол.

Әділдің айтуынша, қазіргі таңда Қарағандыда IT саласын тегін оқытатын қазақша оқу бағдарламасын жасау керек. Kundelik.kz, Onay секілді өзге елдің жобаларын өзгерткенше, жастар жаңа жоба ойлап табуы тиіс.

– Әкім грантына өтініш бергенде жастарда сауда орнын ашу, балабақшаға қатысты жобалар болды. Менің IT жобам көпшіліктің назарын аударды. Себебі, бұрын-соңғы жасанды интеллект немесе бағдарламаларға қатысты жобалар кездеспеген. Сондықтан, грант беру сайыс­тарында IT-ге арналған жеке бағыттар болса, қатысушылар саны артып, ерте ме, кеш пе ол өзінің жемісін берер еді, – дейді Әділ.

«Террикондықтар» жасанды интеллекттен қорқудың қажеті жоқ деп санайды. Әділдің замандастары «Жасанды интеллектіден үнемі алда жүруіміз керек. Егер кешіксек, оның артында қалып кетуіміз мүмкін» дейді. Жастардың сөзіне сүйенсек, кез келген елдің стратегиялық жоспары – ғылымды, соның ішінде, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталуы тиіс.

«Жасанды интеллектіден үнемі алда жүруіміз керек»

Жасанды интеллект жөнінде Орталық Азиядағы ең ірі IT форум Digital Bridge 2023-те айтылған. Экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие болғанымен, оның бәрібір «жасанды» екені анық. Алайда, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін елімізде барлық жағдай жасалмақ. Мемлекет басшысы «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар» деген болатын.

2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу – цифрлық технологияны ілгері дамытуға мұрындық.

Адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмысты автоматтандырып, ауқымды экономикалық құндылық қалыптастырмақ. Сарапшылар жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар екенін де зерттеді. Медицина, энергетика, био және гендік инженерияға елеулі өзгерістер әкелген жасанды интеллект – ой, сана, қарым-қабілет, білім алу, үйрену арқылы адам мүмкіндіктерінің барлығын істейтінін көрсетті. Бірнеше жыл бұрын Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкері жұмыстан босатылып, оларды робот алмастыр­ғанын білеміз. Бүкіл салаға еніп, өмірді жеңілдеткенімен, елде жұмыссыз адамның көбею қаупі бар екені анық.

Алайда, республикалық «Жасанды зерде» ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры Алтынбек Шәріпбаев «тіпті, жасанды интеллект жетілдірілген жағдайда да шығармашылық, инновация қабілеті және адамның құзыретіне жататын әлеуметтік дағдылар сұранысқа ие болады және өзгеріссіз қалады» дейді.

Оқу орындары ашық диалогқа дайын емес

Аймақтағы террикондықтар жасанды интеллектіні дамытуға ешкім шек қоя алмайтынын айтады.

– Мәселен, қытайлар коронавируспен күрес кезінде смартфондарды мұқият қадағалап, миллион адамның бет-әлпетін танитын камералар арқылы инфекцияны тез анықтай алды. Елімізде адамға чип салу мәселесі қозғалуда. Біз оны тиімді деп санаймыз. Чип арқылы инфекция жұқтырып алған адамды дереу анықтап, басқаларды қорғаймыз. Жасанды интеллектінің жетістігінің бірі – осы, – дейді IT-hub «Террикон алқабы» директоры Сабыр Ниязов.

Digital Bridge 2023-те Astana Hub Battle-ға қарағандылықтардың бизнес-бағдарламаларынан 10 стартап жобаға қатысқанын атап өткен жөн. Жасанды интеллектіге бағытталған ұсыныстары қолдау тапқандықтан, «Террикон алқабы» ашылған уақыттан бері 350-ден астам іс-шара өткізген. Олар сондай-ақ, ағылшын тілдерінде бағдарламалауды үйренуге болатын IT мектепті іске қосыпты.

– Қарағанды ІТ-хабының тү­лектері Кремний алқабында білім алып келді. Он бес әлеуетті қазақстандық стартапшы АҚШ-қа оқуға барды. Олардың ішінде «Террикон алқабы» Қарағанды IT-хабының төрт түлегі бар. Стартаптар Кремний алқабындағы қарқынды акселерация бағдарламасынан өтті. Бұл оларға өз жобаларын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік берді, – дейді IT-hub «Террикон алқабы» директоры Сабыр Ниязов.

Дегенмен, бағдарламашылар IT-компаниялардың қазіргі таңдағы басты мәселесі – университеттегі білім беру мәселесі екенін айтады. Тәжірибелі мамандарды алаңға біріктіруге тырысқанмен, оқу орындары ашық диалогқа дайын емес көрінеді. Ескі бағдарламалау тәсілдерінен бөлек, нарыққа сәйкес келетініне көшкен жөн.

Хаб аясындағы «Террикон мектебі» әзірге пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Бұл – 27-30 аптаға созылатын Python, PHP, Android қосымшаларын Kotlin бойынша әзірлеу курстарынан іс жүзінде 100-ге жуық білімді жасөспірім дайын болады деген сөз.

Бағдарламашылар «Террикон алқабын» Қарағандының визиттік картасына айналдырғанына бек қуанышты. «Террикон алқабындағылардың» айтуынша, жобалар нәтижесін көрсетіп, қалада айтарлықтай өзгерістер орын алуы үшін 10 жыл қажет. Дегенмен, жігерлі жігіттердің соңғы екі жылда кеншілер шаһарында көптеген маңыз­ды өзгерістер жасағанын мойындаған жөн.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button