Испандықтар Қарағандыда тұрғын үй салмақ
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында Испан компанияларының өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлердің кездесуі өтті. Тараптар құрылыс саласындағы өзара серіктестік мәселелерін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде испандық кәсіпкерлер Қарағанды облысының құрылыс секторында жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді, – деп хабарлады Қарағанды облысы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.
– Біз пилоттық жоба бойынша еуропалық стандарттарға сай келетін тұрғын үй салғымыз келеді. Қарағандының аумағы үлкен. Ол аса биік емес үйлер салуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз құрылыс кезінде үй-жайда қыста және жаз мезгілдерінде қажетті температураны сақтау үшін климаттық ерекшеліктерді зерттеуді көздеп отырмыз, – деді «Kursaal» компаниясының менеджері Йосу Эрнандес Сатурио.
Аталмыш компания 1998 жылдан бастап ғимараттарды қайта жаңартумен айналысады. Компания Испанияның ең суық бөлігі – Басков жерінде де сапалы тұрғын үй сала алуымен танылған.