Бас тақырып

Исламдық діни білім: мәні мен бағыттары

Кез келген зайырлы заңдардың нормалары да, дін постулаттары да адамдарды білім игеруге, сауат ашуға үндейтіні ақиқат. Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен қоғамы дінсіз еместігін ескерсек, діни фанатизм мен көзсіз еліктеушілікке қарсы тұратын діни сана қалыптастыру үшін діни білім зайырлы тұрғыда берілуі керек. Қазіргі діни ахуал жағдайында ата-аналар балаларының дін мәселелерінде көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалайтыны белгілі. Олардың елеулі бөлігі балаларының түбегейлі діни мамандық алып шығуынан гөрі, дұрыс діни жолмен жүруді үйренгенін көздейді.

Халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын Қазақстан қоғамында діни білім алу сұранысы жыл сайын арта түсуде. Ислам дінінде ілім үйрену – әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйел үшін парыз болып табылады. Жалпы, мектептер мен діни білім беру мекемелерінде діннің халыққа дұрыс үйретілуі маңызды. Сонда дін қоғам өмірімен кемелдене түскен үйлесімін тауып, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізбек.

Зайырлы сипаттағы Қазақстанның діни білім беру жүйесі мемлекеттік білім беруден бөлектенетіні белгілі. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және елдегі діни ахуалды реттеуде стратегиялық маңызы жоғары мәселелер қатарына отандық діни білім беру мекемелерін ашуды, олардың оқу бағдарламаларын заман талаптарына сәйкес әзірлеп, қолданысқа енгізуді және діни оқу орындарын қажетті оқу-материалдық базасымен жабдықтауды жатқызуға болады.

2017 жылдың 31 қаңтарындағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет деп көрсетілгендей, діни оқыту-ағарту жұмыстарында қоғамның ішіндегі діни сауатсыздық мәселесін жоюмен ғана шектелмей, дінге қызығушылық білдіргендерді ұлттық рухта тәрбиелеу қызметін дамыта түсуі қа жет.

Еліміздегі діни білім беру орындары болашақ дін қызметкерлерін отансүйгіштік, төзімділік рухында тәрбиелеп, әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Діни білім беру жүйесі үшін ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және жауапкершілік, діндер мен мәдениеттер үнқатысуы, өзге діндегілерге құрметпен қарау, діндердің құндылықтық негіздерін зайырлы ұстанымға сай баулу аса маңызды.

Қазіргі таңда Қазақстандағы діни білім беру бағдарламаларының барлығы дерлік ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік білім беру стандарттарымен сәйкестендіріліп, бір орталықтан – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген болатын.

Білім мекемелерінің барлығының қызметін өзара сабақтастыру және үйлестіру, үзіліссіз білім жүйесін құру мақсатында 2015 жылы «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі рухани (діни) даму тұжырымдамасы» қабылданды. Берілген құжаттың негізінде бірыңғай діни оқу кешенін әзірлеу әрі отандық діни білім берудің заманауи үлгісін қалыптастыру арқылы халықтың діни-рухани сұраныстарын қанағаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Тұжырымдамадағы маңызды бастамалар елдегі діни білімнің жүйеленіп, бірізділенуіне, жастардың діни білімді сапалы және жүйелі түрде меңгеруіне септігін тигізуде. Қазіргі таңда көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары республика бойынша облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көптеп ашылып, танымды білім беретін кадрлардың, діни қызметкерлердің саны мен сапасын арттыру мақсатында тиімді курстар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, тұжырымдамада көрініс тапқан Құран қариларын дайындау орталықтарының, имамдардың білімін жетілдіру институтының мақсат-міндеттері мен оқыту жүйесі де ретке қойылған.

Дін саласындағы кадрларды дайындауда маңызды рөл атқаратын «Нұр-Мүбарак» университетінің атауы 2018 жылдың қыркүйегінде өткен Қамқоршылар кеңесінің отырысында «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университеті» болып өзгертілді. Аталмыш отырыста сол кездегі ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев «білім ордасын Орта Азияның діни білім беру мекемелері арасында жетекші орынға көтеру және болашақта Таяу Шығыстағы алдыңғы қатарлы және беделді діни университеттер деңгейіне дейін жеткізу» маңыздылығын атап өткен болатын.

Діни білім беру мекемелерінде оқу бағдарламалары міндетті діни пәндермен қоса қазіргі заман талаптарына сай қоғамдық ілімдермен толықтырылды. Бірқатар медреселер колледж деңгейіне көтеріліп, ондағы жаңа жарғыға сәйкес, медресе-колледжді бітірген түлектер мемлекеттік мекемелерге діни және зайырлы қоғам мамандықтары бойынша да жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.

Жас ұрпақты Мәңгілік Ел құндылықтары негізінде тәрбиелеу, плюрализм мен түрлі діни сенімдерді уағыздаған миссионерлік және жат ағымдар жағдайында өзіндік дүниетаным қалыптастыру және күмәнді ағымдарға сыни көзқарас орнықтыру, адамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлттық мәдениет құндылықтарын ардақтауды діни білім беру арқылы үйретіп-тәрбиелеу – уақыт талабы.

А.АНТИПИНА,

ҚР ҚДМ ҚКК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыс бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button