Исі мұсылманның игі мерекесі
Бұл ұлық мейрам – мұсылман әлемінің сенімі мен бірлігінің салтанаты. Биыл дүние жүзіндегі асыл дініміздің ең маңызды әрі қасиетті мерекелердің бірі – Құрбан айтты мерекелеу үшін жамағат қарасы қалыңдайды. Мейірім мен бірлікті бейнелейтін бұл қасиетті үш күн миллиондаған жанды дұға мен қайырымдылық шараларына қайта біріктіреді.
Ал, ұлық мейрам қарсаңында Қарағанды қаласында алғаш рет Құрбан айт мейрамын ұлықтауға арналған фестиваль өтті. Іс-шара аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі ойын-суық бағдарламасы ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге түрлі тәттілер мен балмұздақтар, ойыншықтар үлестірілді. Берекелі шарада Қарағанды қаласындағы халал сертификатын иеленген мейрамханалар өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысқа қарасты мешіттерінде ұлық мереке таң мезгілінде айт намазымен бастау алды. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Естай Әбдіғали «Әнет баба» мешітіне жиналған дүйім жамағатты құрбан айт мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асып отырган шараның мән-мақсатын жеткізіп, ұлық мейрамның қадір-қасиеті жайлы насихат айтты. Жамағатқа айт құтпасы жеткізілді. Намаз соңында барша жамағат ел мен жердің амандығын тілесіп, дұға жасады.
Қасиетті Құрбан айт мейрамының алғашқы күні Қарағанды қаласындағы арнайы құрбандық шалынатын орындар барлық шариғат және тазалық талаптарына сай қызмет көрсетті. Қасапшылар малды шариғат шеңберіндегі ережелерді ұстана отыра жүзеге асырып, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға теңдей үлестірді. Ұлық мейрамның құрметіне орай облыстық «Әнет баба» мешіті қасапхана жанына арнайы қазақы киіз үй тігіп, құрбан шалуға келген мұсылман қауымға дәм берді. «Дін мен дәстүр» бағытының жауапты меңгерушісі Бақдәулет Қыдырбайұлы Құрбан айт мейрамының құндылығы жайында насихат айтты. Шара барысында Қарағанды қаласындағы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған үш жүзге жуық бүлдіршінге ыстық ас пен ойыншықтар үлестірілді. Бүлдіршіндер құрметіне аниматорлар өнер көрсетіп, түрлі ойындар ойнатылды. Жамағатқа тегін палау үлестірілді. Жылдағы дәстүр бойынша мешіт ауласында жиналған дүйім жамағат қазақтың ұлттық ойындары «қой көтеру» және «кір тасын көтеруден» бақ сынасты. Жеңімпаздар қаржылай сертификаттармен марапатталды. Айта кетейік, биыл да Қарағанды қаласындағы Резник көшесі 18, Н.Гоголь 2/23, С.Сейфуллин 53 көшелерінде құрбандық шалынуда.
– Құрметті қауым! Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін! Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін. Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын! «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен. Ардақты ағайын! Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апаларымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай! Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әмин! – деп үндеу жасады Естай Айтуғанұлы жамағатқа.
Анығында һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни, Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келіп, 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні деп белгіленді. Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Қамари ай кейде 29, не 30 күн болады. Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-ында айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Зул-хижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек екен. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастарымыздың қажылығы қабыл болғай!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz