АбайБас тақырыпКөкейкесті

«ІШТЕН ШЫҚҚАН ШҰБАР ЖЫЛАН» немесе мемлекет фабрикаға неге мейірімсіз?

Провинцияда отырып, Одақ елдерін киіндіруге қуаты жеткен Абай тігін фабрикасының үнін тоқырау 1998 жылы өшірді. Үнсіздік бақандай жиырма жылға ұласыпты. 15 мың шаршы метр аумақ. 3000 адам еңбек еткен алып фабрика. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Жабайы жекешелендірудің күйігіне айналған фабрика фабрикадан қалғаны тек қабырғалары ғана-тын. Ішіндегі дүние-мүлкі сол сәтте оған иелік еткеннің «қанжығасында» кеткен. Ал, меншікке алғандар бір сабақ жібіне тиіспеуге ант-су ішкен құжатта. Ол анты айдалада қалды. Талапайға салып, тонап, талап жатқанда «Ау, антың қайда?» деген адам табылмаған екен осы күнге дейін. Сосын фабриканы абайлық азамат Нұрхан ЖҰМАБЕКОВ «реанимациялауға» көшкен. 2015 жылдан бері. Өз күшімен. Мемлекеттен, Үкіметтен қара бақыр алмастан. Екінші деңгейлес банктердің несие берудегі ашылған аранына да қарамаған. Содан бері әлі күресіп келеді өз қиындығымен өзі. Қалай екенін қайдам, шағын және орта бизнесті «мұратына жеткізеді» деген бірде-бір мемлекеттік бағдарламаның бүйрегі бұл фабрикаға бұрылмапты. Неге? Бұған «апам да аң-таң, біз де аң-таң». Биліктің есебі – түгел. Фабриканы өздерінің «ашқан» «игі» істеріне қосып алған. Осы күні 4 қабатты фабриканың екі қабаты жөнделген. Әлі жөндеуді, қалпына келтіруді күткен 9 мың шаршы метр бар. Онда фабрика басшысы асхана, жатақхана, емхана ашуды жоспарлап отыр. Таза жанкештілік. Жанкешті азаматтың жанайқайын «Еститін үкімет» әлі естімеген, естімейтін де сыңайлы. Бірақ біз естідік…20 жыл қаңырап тұрды. Өйткені, Қарағанды түгілі Одақта озық саналған…

Аудандық білім бөлімі тіктіріп, алмай кеткен киімдер

Кәсіпкердің жанкештілігі һәм биліктің немқұрайлығы

Бұл азаматтың осынау жанкештілігі туралы не десек жөн? Көз алдындағын көре алмайтын (тура және ауыспалы мағынасында) жергілікті билік хақында не деген абзал?

Нұрхан Жұмабеков – «Абай тігін фабрикасы» брендін қалыптастырамын деп, тәуекелге бел буған сол ауданның тумасы. «Стежок» ЖШС басшысы. Абай тігін фабрикасының жұртында кәсіпорынды тірнектеп жинап жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, 2015 жылы несие алып, кіріскен іске. Алты жылда мемлекеттен алты тиын да қолдау көрмеген. Әншейінде, жұрттың бәріне жалпақшешейлік танытатын бағдарламаның осы фабрикаға келгенде «пейілі» тарылып қала беріпті. Фабрика басшысының бағдарламалардан көңілі қалған.

– 2018 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен фабрикаға инфрақұрылым тартпақшы болдық. Біздің есебіміз 50 млн.теңге шамасында шықты. Есеп-қисабымызды жасап, алып бардық. Билік: «Болмайды. Сома аз. 100 млн. теңгеден кем түспеуі тиіс» деді. «Маған қажет сома 50 млн.теңге. Басқасын қайдан аламын?» дедім. «Ойлан» деді. Ойланып, фабрикаға жылу, қуат беретін күн панельдерін орнатпаққа бел будым. Содан 10 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасаттым. Жобаның құны 300 млн.теңгеге шықты. Алып барсам, «Қымбат. Бұл келмейді» дейді. Ақыры, аймақтың үйлестіру кеңесінде қолдамай, жоба іске аспай қалды. 10 млн.теңге босқа күйіп кетті, – дейді Нұрхан.

Абай ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дарижан Жангелдіқызы фабриканың бұл жобасының қолдау таппауына кеңес мүшелерінің өзіндік негізгі себептері барына сенімді. «Негізсіз емес» дейді. Ол қандай негіз? Ашып айта алмайды. Қолдау жасалмағанын да жоққа шығара алмайды. «Құжаттарды көтеру керек. Қарау керек» дегеннен әріге аса алмады. Оның үстіне бөлім басшылығының қызметіне 2019 жылы ғана келген екен. Соған қарағанда бұл «гәптің» астарынан бұл кісі де хабарсыз. 2015 жылдары шағын тігін цехына грант берілгенін тілге тиек етті. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздардың жыл сайын фабрикаға жіберілетінін де айтады. Сөйтіп, жіберілген жұмыскерлерге төленетін еңбекақының алғашқы алты айы субсидияланады бағдарлама бойынша. Әйтсе де, мұның фабриканың тынысын ашып, көсегесін көгертіп шыға келетін мемлекеттік қолдау емес екенін бәрінің де іші сезіп отырса керек.

Билік сөйтті екен деп меселі қайтқан кәсіпкер емес. Қазір 100 адамды жұмыспен қамтыған. Тоқтап, тоқыраған жоқ. Ілгерілеп келеді. Әкімдік өзінің 2021-2025 жылдарға арналған Абай ауданын дамыту бағдарламасында былай жазыпты: «Продолжается реализация «якорного» проекта «Абайская швейная фабрика» консорциумом ТОО «Стежок», ТОО «Қызғалдақтай», ИП «Малюк» деп қояды. Мұндайда не деуге болады? Сөз таппадық…

Нұрхан Жұмабеков

Қандай гәп бар?

Нұрханның айтуынша, фабриканы күлшеден қағу мұнымен шектелмеген. Күні кеше аудандық аурухана қажетті төсек-жабдықты тігуді фабрикаға тапсырмай, басқаларға берген. Мұны Нұрхан әлеуметтік желіде парақшасында ашық жазды. Бізбен сұхбатында айтқан еді…

«…Абай қаласы – бұл моноқала және оның бюджетін фабрика, бірқатар аграрлар, қызмет көрсетудегі кәсіпкерлер, шағын дүкен иелері толтырып отыр. Мемлекеттік ұйымдар сол қазынаның түбі көрінгенше жұмсайды. Сөйте тұра, мүмкіндіктері болса да, Абай тігін фабрикасына жеңіл өнеркәсіп өніміне тапсырыс бермейді. Сол жерде тұрып, жергілікті фабрикаға тапсырыс беру, былай қарасаңыз, ақылға қонымды. Сонда фабрика жергілікті тапсырысты ала отырып, жергілікті бюджетке салық төлейді. Тігіншілер жалақы алады.

Бюджетке салық төлейтін қызмет көрсету ұйымдарына жұмсайды. Осындай тізбек арқылы мемлекеттің ақшасын шашпай-ақ жұмыспен қамту мәселесі де шешіледі. Бесінші сыныптың баласына арналған қарапайым математикалық есеп. Амал не?

Кеше кезекті тапсырысын бізге емес, басқаға берген аудандық ауруханада болдым. Менің «Неге?» деген сауалыма, аурухана басшысы «Біз сіздерден үнемі аламыз. Бақылаушы органдардың күдігін тудырмау үшін осы жолы басқаға бердік» деп жауап берді. «Қандай күдік?» деп таңқалдым мен. Бірақ, жауап болмады.

…Қаланы қазір бір-ақ қауесет кезіп жүр. «Жұмабековке мемлекет 150 млн.теңге көмек берді. Мұндай қаржыға кез келген ақымақ адам да фабриканы аяғынан тұрғыза алады» деген. Мемлекеттен бір тиын да көмек көргеміз жоқ! Мемлекеттік несие де берген емес. Қаланың тағдыры мен осындай кәсіпорындардың келешегі жанына жай таптырмау тиіс қаланың басшылары қайда? Жоқ! Бар болса, олар қарапайым ғана мемлекеттік тапсырыс беру арқылы фабриканы реанимациялауға қол ұшын созар еді ғой.

Бас дәрігер мені қуғандай қылды «Сіздің айтқаныңыздың ешбірі маған қызық емес» деді. Бұдан әрі сөйлесуде мән жоқ. Тұрдым да кетіп қалдым», – дейді Нұрхан Жұмабеков.

Бөлім басшысы Дарижан Жангелдіқызы Абай тігін фабрикасы шешімін табуы мүмкін мәселені тым күрделендіріп жібереді деген уәж айтады. Әйтпесе, ұрыспай-төбелеспей-ақ шешілетін мәселе көрінеді. Сөзбесөз алсақ, бөлім басшысының сөзі мынадай (ресми тілде жауап бергендіктен сол қалпында келтіріп отырмыз):

«Вы, наверное, в facebook-е прочитали? Вообще, и в целом, если вы в facebook-е прочитаете, то увидите, что когда любая проблема возникает, Абайская швейная фабрика как-то слишком остро на нее реагирует. К примеру, на вопросы, которые можно решить. Буквально вчера этот пост был опубликован, у нас это оперативно решается. Вот, сегодня, сразу в 12 часов дня аким района пригласил Нурхана, руководителя Абайской швейной фабрики, и других руководителей предприятий, в том числе директора центральной больницы и руководителей районов, и коммунальных предприятий, которые участвуют в госзакупках. Также была приглашена «Атамекен» палата предпринимателей. И мы обсуждали. Если, где-то, он остро пишет, то не все моменты соответствуют факту. Про образования и тогда ли. Ему все это было разъяснено, предприятиями всеми обговорено. Есть законы, которые разъяснены. Протокол сейчас готовим. В целом, достигнуты соглашения и договоренность, все на дружбе.

Планируется в этом году, что все предприятия будут с ним работать. Уже больница городская планирует заключить с ним договор. Просто Абайская фабрика не всегда так пишет. Мы уже привыкли. Но ни одно его обращение, ни один его пост не остается не рассмотренным. Аким с ним на связи. Он всегда ему лично звонит, приглашает, также приглашает все стороны, и все это за круглым столом обсуждаются, выясняются. У нас этот вопрос полностью исчерпан. Нет нерешенных вопросов», – дейді Дарижан Жангелдіқызы.

Бұл кездесудің түйіні аудан әкімінің facebook парақшасында сол күні іңірде жарқ етті. Онда Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов былай дейді:

«Фабриканың басшысы – Н.Жұмабековпен кезекті кездесу өтті, кездесуге, сонымен қатар мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың, облыстың мемлекеттік мекемелерінің және «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кәсіпорынның проблемалық мәселелері мен келешегі талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, Абай тігін фабрикасы 90-шы жылдары жұмысын тоқтатқан болатын, бірақ 2017 жылдан бастап «Стежок» ЖШС «Абай тігін фабрикасы» инвестициялық жобасын іске асыруға кірісті. Жобаны іске асыру мерзімі – 2018-2025 жылдар, бүгінде 100-ге жуық жұмыс орны құрылды, болашақта бұл санды бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр. Өткен жылы ғимарат төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, әкімшілік-тұрмыстық кешені күрделі жөндеу кезеңінде (онда тігіншілерге арналған жатақхана орналастыру жоспарланған).

Қазірдің өзінде фабрика төсек жапқыштарының үлкен ассортиментін шығаруда: көрпе жамылғылары, жаймалар, жастық тыстары, көрпелер, матрастар, жастықтар, төсек жапқыштар, әртүрлі арнайы киімдер, сыртқы киімдер: әр түрлі жасқа арналған күртелер, желеттер, сонымен қатар кәсіпорында сіздер мектеп формаларының толық жиынтығына, қайта қолдануға болатын бетперделерге және тағы басқа заттарға тапсырыс бере аласыздар және сатып алуға мүмкіндік бар. Жыл сайын өндірістегі ассортимент ұлғаюда.

Сонымен қатар, жаңа жапондық жабдықтар (оверлок аппараты, жүн өңдеу машинасы) және заманауи тігін машиналары сатып алынды.

Айтпақшы, фабриканың өз дүкені бар, онда сіздер жоғарыда аталған тауарларды көтерме және бөлшек сауда арқылы ала аласыздар.

Бүгін біз ашық пікір алмастық. Мен барлық тұрғындарымызды және барлық ұйымдарды жергілікті өндірісті қолдауға, атап айтқанда аңызға айналған Абай тігін фабрикасының көрсететін қызметтерін пайдалануға, тауарларын сатып алуға шақырамын».

Шақыру – аз. Бүкіл фабриканы толық жөндеп, жатақхана, асхана, емхана, Топар кентінен демалыс орнын ашамын деген жоспары бар кәсіпкер мемлекеттік қолдауға зәру. Қаптаған бағдарламалардың біреуінің қайыры тиетіндей қарекет керек. Сөз емес. Іс қажет.

Бүгінгі Абай тігін фабрикасы

«Тағы бір қызық »

Аудандағы мемлекеттік ұйымдардың ішінен шыққан шұбар жылан – Абай тігін фабрикасын өгейлік көрсетуі бұл бір емес екен. Былтыр тамызда аудандық оқу бөлімі көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына мектепке форма тігуге тапсырыс беріпті. Әуелі де ауызша. Әйтеуір, келісім бар. Сол келісімге сүйенген фабрика мамандары балалардың өлшемдерін алып, киімдерін тігуге кіріскен. Материалын алдыртқан, өлшемдерін жасаған. Бірақ, қандай түлен түрткенін кім білген? Ең соңында келісім де жоқ, төленген ақы да жоқ. Тігілген киімді алған білім бөлімі де жоқ. «Бұл арада 2 млн.теңгеге жуық қаржы жұмсалды» дейді Нұрхан. Киімдер сол күйі фабри- када қатталып жатыр (ол киімнің суреті де берілді).

Түйін

Жеңіл өнеркәсіптегі жергілікті қамту қайда қалды? Жаңылмасақ, өткен айда ғана облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік органдар арқылы жеңіл өнеркәсіптегі жерглікті қамту туралы кеңес өткізді. Онда осындай білім, денсаулық сақтау ұйымдарының жергілікті өнім өндірушінің тауарына тапсырыс беру арқылы қолдауы қадап айтылған-ды. Соны жергілікті жердегілер есте мықтап ұстаса, құда да тыныш, құдағи да тыныш еді ғой. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатына бөлей алмаса, құрығанда, тапсырыс беріп қолдауда ешкім қолынан қақпайтыны айдан анық…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Абай ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button