Ішімдік атаулыдан бас тартқан Қарабұлақ ауылының үлгісі
Қарқаралы ауданы, Балқантау ауылқы округіне қарасты Қарабұлақ ауылында құқық бұзушылық жоқ. Ауыл тұрғындары ішімдіктен толық бас тартқан. Дүкендерінде спирттік ішімдік мүлдем сатылмайды. Бұл – 500-ден аса тұрғыны бар ауыл халқының өздерінің қабылдаған шешімі.
Қарабұлақтықтардың осы бастамасына орай облыстың полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділов ауыл әкімі Аслан Рахымбергеновке, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Аманбек Әубәкіровке және ауыл азаматы Біржан Смақовқа Алғыс хат тапсырды.
– Сәуір айында Қарабұлақ ауылында аудандық прокуратура өкілдерінің, учаскелік полицияның қатысуымен жиын өткен болатын. Осы жерде ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмайды деген шешім қабылдадық. Оның үстіне, соңғы үш жылда ауылымызда қылмыс тіркелмеген. Басқа ауылдарға да үлгі болсын деген ниетпен бастамамызды ауылдың үлкендері де, жастары да бірауыздан қолдады, – дейді Аслан Рахымбергенов.
Қарабұлақ ауылының бұл бір ғана бастамасы ғана емес екенін айту керек. Салауатты өмір салтына ерекше мән беретін ауыл тұрғындары әсіресе волейбол мен қазақ күресіне ерекше ден қойған. Тіпті, ауыл жастары волейболдан облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орныдардан көрініп жүр.
Тағы бір айта кетерлігі, мектептегі бала санын көбейту мақсатында бес баласы бар отбасын көшіріп әкеліп, мектептің 1994 жылғы түлектері өз қаражаттарына баспана алып берген.
– Ауыл жастары көшіп келген отбасыға 5 ірі қара, 20 бас ұсақ мал береміз деп келісіп отыр. Бүгінде аталған адамдар көшіп келді. Үйдің жөндеу жұмыстарын да жасап бердік. Бұл – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – дейді ауыл әкімі.
Салтанат ІЛИЯШ,
ortalyq.kz