Балқаш мыс қорыту зауыты алаңында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» атты өңірлік коалиция өкілдерінің қатысуымен еңбек ұжымымен кездесу өтті. Басқосуда Конституция жобасы талқыланып, оның негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді.

Кездесуде Балқаш қалалық мәслихатының төрағасы Ахат Мүслімов Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің тарихи маңызына тоқталды.
– Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы. Қоғам дамыған сайын оны жетілдіру қажеттілігі туындайды. Бүгін ұсынылып отырған өзгерістер елдің орнықты дамуына және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған, – деді ол.
«AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Айман Түкбаева 1995 жылдан бергі кезеңде ел өмірінде ауқымды өзгерістер болғанын атап өтті.
– Геосаяси жағдай да, қоғамдық сана да жаңарды. Қазақстанның халықаралық беделі артты. Сондықтан, Ата Заңды заман талабына сай бейімдеу – заңды үдеріс. Жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған, – деді Айман Бекболатқызы.

Ал, «AMANAT» партиясы Балқаш қалалық филиалының атқарушы хатшысы Дидар Бейсикенов конституциялық реформалардың стратегиялық сипатын тілге тиек етті.
– Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірде-бір мемлекет Конституциясын өзгеріссіз қалдырмаған. Бұл – қоғам дамуының табиғи үдерісі. Ұсынылып отырған жаңа редакция әділетті қоғам қалыптастыруға, заң үстемдігін нығайтуға және азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған, – деді Дидар Мұратұлы.
Жиын барысында жаңа редакцияда мемлекет дамуының басым бағыттары нақты айқындалғаны, әсіресе білім, ғылым және инновация салаларына басымдық берілгені айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, еңбек ұжымы тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілді. Шара соңында коалиция өкілдері конституциялық реформаларды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



