Ірі жол-көлік оқиғасына кінәлі қарағандылық кәсіпкердің ісі сотқа жолданды
Қарағандыда жергілікті кәсіпкер Сергей Камаевтың қатысуымен болған жаппай жол апаты фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қылмыстық тергеу төрт айдан астам уақытқа созылды. Осы уақыт бойы қарағандылық кәсіпкер қамауда болды. Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін жіберілді. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Ысмағұлов хабарлады. Сондай-ақ, ол жол-көлік оқиғасы кезінде эпилепсия ұстамасы мен есте сақтау қабілетінің нашарлауына ұшырадым деген күдіктінің сөзін, оның емделу қажеттілігін мамандардың растамағанын атап өтті. Олардың қорытындысы бойынша ол сот алдында жауап бере алады.
– Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттері жүргізілді, оған сәйкес Сергей Васильевич Камаевқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қажет емес және сотқа қатыса алады. Тараптар қылмыстық істің материалдарымен танысқаннан кейін ол одан әрі сотқа жіберу үшін қадағалаушы прокурорға жолданады, – деді Нығмет Ысмағұлов.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қарағандының көлік көп жүретін көшелерінің бірінде алты көліктің қатысуымен адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Полицейлердің мәліметінше, «Лексус» көлігін тізгіндеген кәсіпкер Сергей Камаев жылдамдықты шектен тыс асырып, жолда бірнеше көлікті соққан.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.
Видео:ПД