Бас тақырып

Ірі жоба, үлкен үміт

Әлемдегі ең ірі игерілме­ген қор, 410 мың тонна воль­фрам Қарағанды топы­рағында бұқпантайлап жатыр…

Сурет ЖИ

Вольфрам векторы

Тап басып айтпағымыз мына жайт. «Тау-Кен Самұрық ҰКТ» акционерлік қоғамы мен Cove Capital компаниясы бірлесіп 1,1 млрд долларға байыту фабрикасы мен зауыт салады. Яғни, бүгіндегі «болашақ суперқорытпасы» деп аталып кеткен үр жаңа технологиялар шикізаты – бұл. Демек, Қарағанды ендігі күндерде сындарлы минералдардың әлемдік орталығына айналады. Әңгімеміздің әлқиссасын әуел бастан басталық. Келелі келісім қос мемлекет президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп патронажымен жасалып, екі ел арасындағы стратегиялық маңызды минералдар бойынша келісім аясында бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерге шетелдік инвестицияларды мейлінше жұмылдыру, өңдеуші өнеркәсіп өрісін кеңейту, келе-келе ел экономикасын 2029 жылға қарай екі есеге ұлғайту әрі «жаңа өнеркәсіптік каркас» құру қажеттігін жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары мен ресми мәлімдемелері барысында бірнеше рет атап өткені баршаға аян.

Қызықтысы сол, Президент тапсырмасын негізге ала отырып, былтырғы жылдың қарашасында Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеру бойынша тараптар келелі келісімге қол қойды. Ал, толық қуаттылық межесін еңсергенде шамамен 1000 жұмыс орны ашылмақ. Жұмыс жүйесі отандық мамандарды ескере отырып құрылады.

Вольфрам – әсте қарапайым металл емес. Металл мүмкіндігі 3400 градус ыстыққа төзімді, тоза қоймас өте берік, электроникада, қорғаныс өнеркәсібінде, аэрокосмостық техникада және жоғары технологиялық құралдарда кеңінен қолданылады. Көршілес Қытай мемлекетінің өзі әлемдік вольфрамның 80%-дан астамын бақылап отырғанда, отанымыздағы мұндай алып қор геосаяси тұрғыдан да стратегиялық маңызы аса зор жобаға айналып отыр. Иә, өңірге қарымды инвесторлардың келуі кездейсоқ емес. Америка Құрама Штаттарының Export-Import Bank-ы жобаның 900 млн долларын қаржыландыруға игі ниет білдірген. Жоталы жобада шикізатты шикі күйінде шетелге шығаруға тыйым салынған. Металл терең өңдеуден өтіп, паравольфрамат аммоний сияқты жоғары қосылған құнды өнім қалпында жарыққа шығарылмақ.

Қайрақтының қойнауынан бастау алған ырысты бастама уақыт талабына берілген жауап. Вольфрамның беріктігі мен төзімділігі қандай болса, бүгінгі экономикалық бағыт та сондай берік негізге құрылып келеді. Себебі, әңгіме әуезі жөнекей металл жайында ғана емес, болашақ технологиялардың өзегіне байланар стратегиялық ресурс туралы болып отыр.

Қазыналы Қарағандының қара-қошқыл көмірімен танылған тарихы енді жаңа мазмұнмен толығады. Терең өңдеу, жоғары қосылған құн, жаһандық нарықтағы жаңа рөл – мұның бәрі ел экономикасының сапалық тұрғыдан өзгеруінің айшықты белгісі. Шикізаттық модельден саналы индустрияға қарай жасалған нақты қадамы.

Егер басталған іс жүйелі жалғасын тауып, инвестиция мен технология, білім мен жауапкершілік өзара үйлесім тапса, Қайрақты қазынасы Қазақстанды әлемдік сындарлы минералдар кеңістігінде жаңа деңгейге көтерері анық. Сол кезде «вольфрам векторы» ел дамуының айқын бағдаршамы болары күмәнсіз ақиқат.

Стратегиялық серпіліс

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

– Бұл – өңір үшін ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар жоба. Жергілікті атқарушы органдарға қатысты барлық мәселе уақытылы шешіледі. Біз толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Әлбетте, Қарағандыны қайта танып, көзқарас жаңартып алуға себеп боларлық мұндай жобалар аз емес. Сөйтіп, Қайрақты қазынасы «оянған» бетте Қарағанды облысы әлемдік вольфрам өндірісінің 15%-ға жуығын қамтамасыз ете алады. Мұны бір сөзбен инвестициялық табыс, стратегиялық жеңіс, ел экономикасының жаңа бетбұрысы дейміз.

Cove Kaz Capital Group LLC бас директоры Доминик Хитон болса, компания жобаның ұзақ мерзімді сипатын толық түсінетінін және жергілікті кадрлық әлеуетті барынша тартуға ниетті екенін баса белгіледі.

– Біз жобаны іске асыру барысында жергілікті билік пен тұрғындар алдындағы жауапкершілікті терең сезінеміз. Қарағанды облысы – өндірістік әлеуеті жоғары, кәсіби мамандары жеткілікті индустриялық өңір. Ұзақ мерзімді кезеңде жергілікті мамандарды оқытып, шетелдік қызметкерлерді кезең-кезеңімен алмастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

«Тау-Кен Самұрық ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Әбсәметовтің мәліметінше, «Солтүстік Қатпар» мен «Жоғарғы Қайрақты» – әлемдегі аса ірі вольфрам кен орындарының қатарында. Бұған дейін компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жобаның техникалық-эко­номикалық негіздемесін әзірлеп үлгерген. Құжатта стратегиялық қағида ретінде шикізат пен жартылай фабрикаттарды экспорттауға тыйым салу нормасы бекітілген. Өндіріс тек терең өңдеуге бағытталады. Жобаны іске асыру кезеңінде бюджет бүйіріне шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде салық түсімдері түседі деп күтілуде.

Енді жоба құрылысына келелік. Әл-әзір назар тоқтатарлық ресми мәлімет жоқтың қасы. Дегенмен, кез келген жауапты да саналы жоба айналасы үш-бес жыл аралығында табалдырық төсеп, одан соңғы жылдарда толық қуат иіріміне шыға бастайтыны анық. Толық қуатқа шыққанда жылдық өндіріс – 12 мың тоннаға жетіп жығылмақ. Солайша жаһандық вольфрам үштағанын түйіндеп тұрған ордалы ошақ дәуірінің басталуы жақын.

Үлкен мүмкіндік – үлкен жауапкершілік

Жоба экологиялық тұрғыдан күрделі. Кен молибден, висмут және басқа элементтермен қоса келеді. Су тұтыну, қалдықтарды сақтау, аумақтың ластануы – негізгі тәуекелдер. Жергілікті тұрғындар (әсіресе, Жоғарғы Қайрақты ауылының тұрғындары) бұрынғы жобалар барысын байыптап, экологиялық тұрғыдағы алаңдаушылық білдіргені орынды. Қазір компания ESG стандарттарын сақтауға уәде беріп отыр, бірақ нақты экологиялық бағалау және мониторинг жоспары толық жариялануы керектігін де назардан тыс қалдырмаймыз.

Кез келген тәуекелді ескермей, жобаның сәттілігіне кепілдік беру қиын. Мәселен, нарықтың құбылмалылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мысал үшін, былтырдан бермен қарай геосаяси факторларға байланысты, вольфрам бағасы күрт өсіп, құбылды. Яғни, мұндай жағдайда жобаның кірістілігін болжау да қиындай түседі. Бұған да кешенді әрі салауатты көзқарас қолданған ұтымды. Шектен тыс кешігулер капитал шығынын арттыруы кәдік.

Әр тараптан саралай келе, бірегей жоба Қазақстан Республикасы үшін нағыз «ойын өзгертуші» мүмкіндік. Есесіне тәуекелдерді басқару деңгейі оның табысының кілті болатынын естен шығармақ жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметі, инвестор және жергілікті билік тарапынан ашық ақпарат, экологиялық бақылау және жергілікті қоғаммен тұрақты диалог қажет. Егер тәуекелдер дұрыс басқарылса, Қарағанды облысы әлемдік критикалық минералдар картасында маңызды орын алады.

Тізгінтартар

Қайрақтының қойнауындағы қазына – уақыттың, технологияның және геосаясаттың тоғысқан нүктесі. Бүгінгі бастама ертеңгі индустрияның бағытын айқындауы бек мүмкін. Бір жағында – орасан мүмкіндік, экономикалық серпіліс, жаңа жұмыс орындары мен әлемдік нарықтағы салмақты орын. Екінші жағында – табиғаттың нәзік тепе-теңдігі, жергілікті халықтың алаңдаушылығы, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұр.

Тарихи таңдау асылында тек өндіріс көлемінде емес, даму сапасында да жасалмағы шындық. Егер ашықтық пен жауапкершілік, ғылым мен экология, инвестиция мен қоғамдық мүдде үйлесім тапса, Қайрақты жобасы отанымыздың жаңа индустрия­лық дәуірінің нақышты нышаны болмақ. Сондықтан, бүгінгі Қайрақты – елдің даму пәлсафасын және бір сынақтан өткізетін алып алаң. Осы сыннан сүрінбей өтетін өңір шын мәнінде әлемдік вольфрам картасында өз орнын айқын белгілейді деп үміт етеміз. Үміт те етеміз, үгіт те етеміз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button