ЖаңалықтарСпорт

«Сарыарқа» өз алаңында «Ақтөбе» клубын жең­ді

Хоккейден ел чемпионатының үшінші айналымында «Сарыарқа» өз алаңында «Ақтөбе» клубын жең­ді. Қос кездесу қорытындысы бойынша жерлестер 5:2 және 9:0 есебімен қарсылас командаға қарымта қайтаруға еш мүмкіндік қалдырмады.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қос қарсылас арасындағы кездесуде міндетті түрде ірі есеп тіркеледі деген болжам болды. Оған жанкүйерлер қауымы да үйреніскен. Әлбетте, жерлестер қарсыластарынан күштірек. Әрі тактикалық тұрғыдан да көш ілгері. Сондықтан, қос қапталдан кезек шабуыл ұйымдастырып, әр соққысын қақпа торына түсіру біздікілер үшін қиын шаруа емес.

Алғашқы кездесудің бірінші айналымында есеп ашылған жоқ. Тек, екінші айналымнан бастап ойын қыза түсті. Алаң иелері сапынан 22-ші минутта – Сергей Барбашев, 32-ші минутта – Александр Борисевич есеп ашқан болатын. Араға бір минут салып, қарсылас команда шабуылшысы Дінмұхаммед Сапарбек есеп алшақтығын қысқартты. Ізін суытпай шабуылшы Александр тағы бір шайбаны қарсылас қақпасына тоғытып, есепті 3:1-ге жеткізген болатын. Қарсыластар тағы да есеп алшақтығын қысқартып үлгерді. Бұл жолы көзге түскен – шабуылшы Ерасыл Шайкенов. Екінші айналым аяқталар тұста Александр ойындағы үшінші шайбасын салып, есепті еселеді. Ал, үшінші айналымда Руслан Демин жалғыз шайба салып, ойынның соңғы нүктесін қойды. Осылайша бірінші ойын 5:2 есебімен жеңіс жерлестердің пайдасына шешілді.

Ал, қарымта ойында қарсыластарға мүлдем мүмкіндік қалдырмады. Бірақ, бұл қарсыластар шабуыл ұйымдастырып, соққы жасамады деген сөз емес. Керісінше, бұл жолы қақпашы Данил Кадочников бірнеше қауіпті соққының бетін қайтарды. Нәтижесінде «Сарыарқа» ойыншылары бұл ойыннан құрқол кеткен жоқ. Шабуылшылары бір шайбадан салып, қанжығаларын майлады. Ал, шайба сала алмағандары керісінше, нәтижелі пас беріп, көзге түсті. Осылайша, жерлестер қарымта ойында ең ірі есепті тіркеді. Айта кетейік, бұған дейінгі қос команда арасындағы ең ірі есеп – 8:4 еді. Ол есеп те «Сарыарқаға» тиесілі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button