АймақШет

Өңірдің жүрегіндей соғып тұрған

Бір парақ қағаз. Бір латын әрпі. Бір шынайы сөз. Сол сөзбен басталған тарих бүгінде тоқсанға таяған шежіреге айналды. Әңгіме – қарапайым ғана ауылдың жүрегіндей соғып тұрған «Шет шұғыласы» жайында. Жазуымен халықтың жанына жарық берген, қалың елдің көкейіндегі күбірді қағазға түсіріп, шырақтай жарқыратып келе жатқан басылымның 85 жылдық тарихы бар.

Сурет «Шет шұғыласы» газетінің редакциясынан

Түбі – таспа, төркіні – тағдыр

1937 жылдың сызды күзі. Кеңестік қоғамның қабағы қатулы. Қолмен тігілген қалың портфель ішінде тұңғыш рет латын әрпімен терілген бір бума газет – «Sotsialistik tabs». Бұл – Шет жеріндегі алғашқы үн. Тілі – қазақша. Жаны – халықтікі. Осы алғашқы нөмір жарыққа шыққан күн – аудандағы баспасөздің туған күні.

Сол алғашқы басылымның редакторы Біләл Рысаев болатын. Алайда, аласапыран заман оның тағдырын талқандап, «халық жауы» деген жаламен жазықсыз ұсталып кетті. Тағдырлы тұлғаның орнына Жүніс Ыбышев, Әбдірахман Нұршин келді. Олар да тар жол, тайғақ кешудің төрінен табылды. Бірақ… газет тоқтамады. Тынысы бәсеңдегенмен, үні өшкен жоқ.

Аудандық басылым әр жылдары түрлі атаумен жарық көрді: «Sotsialistik tabs», «Ильич туы», «Заман», ақыры бүгінгідей жарығын шашып, мағынасы мен мазмұны үйлескен «Шет шұғыласы» атауына тұрақтады. Бұл атау жай ғана сөз тіркесі емес – бүтін бір өлкенің рухани сәулесіндей.

Газет редакциясына әр жылдары Қазыкен Түсіпов, Шәкен Мұсаханов, Бақытжан Атшабаров, Іскендір Тәженов, Зәбира Әлікеев, Хамит Лұқпанов, Қасым Орынбетов, Бағдат Мекеев, Қадыкен Бижанов секілді қаламы жүйрік, көзқарасы орнықты азаматтар жетекшілік етті. Әрқайсысы бір-бір дәуірдің тынысын сезіндірді.

Ал, Тәуелсіздік таңы атқанда газеттің тізгінін жазушы Кәмел Жүністегі ұстады. Сол тұста «Ильич туы» секілді ескіліктің елесіндей атау «Заман» болып өзгеріп, жаңа дәуірдің жаршысына айналды. Газет халыққа жақындап, рухани жаңғыруға бет бұрды.

Қағаз бен сияны серік еткен

Қағаз бен сияны серік еткен, көз майын тауысып жазған журналистер легі бұл басылымда аз болмады. Орынбасар Дулатбеков, Саябек Айнатайұлы, Халел Дәулетбекұлы, Рымтай Зауатбайұлы, Жағыппар Қарабалаев, қазіргі профессор Мұхамедқали Әбдуов, Тыныштық (Есен) Орынбеков, Балтабай Уақасов, Қамаш Сейталина, жазушы этнограф Төрехан Майбас – бұлардың әрбір мақаласы – халыққа қалдырған аманат.

2005 жылы редакторлық қызметке тұңғыш рет нәзік иық, бірақ қайратты жүрек иесі – Қызғалдақ Айтжанова келді. Ол газетке көркемдік, көрегендік, көшбасшылық әкелді. Газет жаңа тыныспен, жаңа мазмұнмен оқырманын баурай түсті. Ұлттық рух пен ауыл тағдырына арналған мақалалар жиіледі.

Газетке кейінірек Серғазы Әбдібеков, Болат Тойшыбектер жетекшілік етті. Ал, 2007 жылдың қарашасында, басылымның 70 жылдығында өткен конкурс нәтижесінде бүгінгі «Шет шұғыласы» атауы бекіді. Бұл – барша шеттіктердің ортақ мақтанышы.

Қара сөздің шұғыласы

2021 жылдан басылым жекешеленіп, өз күнін өзі көріп, өз ойын өзі айтатын, тәуелсіз редакция ретінде жұмыс істеп келеді. Газет түрлі-түсті болып, бет-бейнесі заманауи кейіпке енді. Бұл да – уақытпен үндесу, оқырманмен ілесу.

Бүгінде бұл киелі басылымда Мейрам Дәулетбекұлы – құрылтайшы әрі редактор ретінде, Салтанат Жосалбай – жауапты хатшы ретінде, Қалижан Бекқожа – Ақадыр өңірінің тілшісі ретінде, Мейрамбек Нұрғалиев пен Айгүл Мадалиева – беттеу мен техникалық қолдауда адал еңбек етуде.

«Шет шұғыласы» – бұл жай ғана газет емес. Бұл – рухтың шежіресі, уақыттың куәсі, жер мен елдің дауысы. Бұл газет – бір ұрпақтың ойы, бір дәуірдің естелігі. Жыл санап таралымы өзгерер, тақырыптары түрленер, бірақ оның халық алдындағы адалдығы өзгермек емес.

Өйткені, бұл басылым қазақы қара сөздің шұғыласын шашқан рухани шамшырақ. Ол 85 жыл бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан жүрек үні. Осы үн енді де өшпесін!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button