Жаңалықтар

Биыл өңірде шамамен автожолдардың 500 шақырымы жаңартылмақ

Облыста көлік инфра­құры­лы­мын жаңғырту жұмыстары қар­қын алуда. Биыл өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар, қалалық кө­шелер мен көпірлердің жалпы ұзындығы шамамен 500 шақырымы жаңартылмақ. Ауқымды жобалар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, өңірдің көлік байланысын жақсартуға және облыстың логистикалық әле­уетін күшейтуге бағытталған.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Инфрақұрылымды дамыту – аймақ экономикасының тұрақты өсуіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Жолдардың сапасы жақсарған сайын өңірлер арасындағы байланыс нығайып, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігі артады. Сондықтан, облыста жол желісін жаңарту мен көлік қатынасын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Биыл іске асырылатын ең ірі жобалардың бірі – «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту. Ұзындығы 122 шақырым болатын бұл жол – еліміздің орталық өңірлері үшін стратегиялық маңыз­ға ие. Ол Қарағанды облысын Ұлытау өңірімен байланыстырып, өңірлер арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланыстарды күшейтеді. Аталған автожол 1970 жылдары салынған және жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген.

Жоба аясында жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланған. Құрылыс жұмыстары жаңа тәсілмен жүргізіледі: алдымен екі қосымша жолақ салынып, кейін қолданыстағы жол төсеміне жөндеу жасалады. Бұл тәсіл көлік қозғалысын тоқтатпай, айналма жолдар ұйымдастырмай жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайсыздықтар барынша азаяды.

Автожолды қайта жаңғырту жобасын қаржыландыру Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі қарыздары есебінен мақұлданған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жоба биыл басталып, 2029 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өңірде тек республикалық жолдар ғана емес, облыстық маңызы бар автожолдар да кезең-кезеңімен жөнделуде. Биыл облыстық жолдардың 84 шақырымына орташа жөндеу жүргізу көзделген. Атап айтқанда, «Қарқаралы-Егіндібұлақ-Бүркітті» автожолында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыт аудан тұрғындары үшін маңызды көлік дәлізі болып саналады.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағыттағы жобалар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Жалпы өңірде 14 нысан – 10 вокзал мен 4 жолаушылар платформасын жаңарту көзделген.

Жоба аясында вокзал ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілер жаңартылады, күту залдары мен перрондар заманауи талаптарға сәйкестендіріледі. Сонымен қатар, жолаушылардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Қауіпсіздік жүйелері жаңартылып, навигациялық белгілер орнатылады.

Өткен жылдың соңында Айса, Теміртау, Сарышаған және Қарағанды-Сұрыптау станцияларындағы жолаушылар платформаларын жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл бұл нысандарда шатырлар мен аялдама павильондары орнатылады.

Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау, Мырза, Нұра және Сарыбел вокзалдарының ғимараттарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаларды ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.

Өңірдегі тағы бір маңызды инфрақұрылымдық бастама азаматтық авиацияны дамытуға бағытталған. Балқаш қаласының әуежайы қайта жаңғыртудан өтіп, аэродром инфрақұрылымы толық жаңартылды. Жабдықтар модернизацияланып, әуежайдың техникалық мүмкіндігі артты.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеті кеңейіп, жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік пайда болды. 1 маусымнан бастап, Астана және Алматы қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өңір тұрғындарының әуе қатынасын қолжетімді етіп қана қоймай, Балқаш көлінің жағалауында туризмнің дамуына да серпін береді.

Жалпы алғанда, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қолға алынған жобалар Қарағанды облысының экономикалық әлеуетін арттыруға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған. Ауқымды жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button