Өндірістің бағасы – нарықта. Осы орайда Астанада өтіп жатқан Ulttyq ónim көрмесі – еліміздің түпкір-түпкіріндегі кәсіпорындарға өз әлеуетін паш етіп, өнімін көрсететін үлкен мүмкіндік. Қарағандыдан барған өндірушілер де елордалық жұртшылыққа жаңалығын ұсынды, жаңаша байланыс орнатты.

350-ден астам компания бас қосқан бұл көрме – жай көрме емес. Бұл – еңбек пен идеяның, технология мен табандылықтың шеруі. Қарағандылық кәсіпкерлердің арасында матрас шығаратын «Фламинго» ЖШС, тұрмыстық химиямен танылған «WEC», шай мен дәмдеуішті шебер әзірлейтін «Malu», «Natige» фабрикасы, алюминий өндірісіндегі «KazPromAluminum» секілді танымал компаниялар бар. Одан бөлек, аяқ киім өндірісі мен арнайы киім тігуде тәжірибесі бар «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» мен «Bizdin forma» да өнімдерін көпшілікке ұсынып отыр.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – бұл жерде келісім жасалып, келешек жобаларға негіз қаланады. Қатысушылар жаңа серіктестер табуда, шеберлік сабақтарына қатысуда, сарапшылармен пікір алмасып, тәжірибе толтыруда.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай мүмкіндіктердің түп-төркіні – мемлекеттік қолдауда жатыр. Қарағанды облысында жыл басынан бері екі мыңға жуық жоба «Даму» қоры арқылы қолдауға ие болған. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мен несиеге кепілдік беру – ең тиімді құрал саналады. Облыстың кәсіпкерлік басқармасы бұл бағытта «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасын да қолға алған. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама талай іске қанат бітіріп отыр.
Ulttyq ónim – өнімді ғана емес, өнегені де ұсынатын алаң. Бұл көрме – қарағандылық кәсіпкерлердің нарыққа сенімді қадаммен шығуына мүмкіндік беретін тағы бір белес. Өндіріс бар жерде – өріс бар. Ал, сол өріске жол салған кәсіп иелерінің еңбегі – ел мерейі.
Өз тілшімізден