Өңірді дамытуға өзіміз жауаптымыз
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау – Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызды кезеңдерінің бірі. 5 қазанда тұрғындар пилоттық режимде өздері сенім артқан және туған өлкенің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын адамға тікелей дауыс беруге мүмкіндік алады.
Тұрғындардың мүддесін көтеруге бағытталған сайлау саяси реформаларға тың серпін береді және халықтың ел басқару ісі мен шешім қабылдау үдерісіне араласуға жол ашады. Осы орайда тұрғындар «біз елді мекенімізді, ауданымызды дамытуға жауаптымыз» деген ойды саналарына берік сіңірулері керек. Өйткені, билік басына лайықты кандидаттың келуі біздің дауысымызға тікелей байланысты. Сондықтан сайлау процесі ашық, әділ және сыртқы күштердің заңсыз ықпалынсыз болуы маңызды.
Бүгінде саяси партиялар өз кандидаттарын жергілікті атқарушы органдарға ұсынудың нақты мүмкіндігіне ие болды. Олардың сайлауалды бағдарламаларын тыңдауға және жүзеге асыруға арналған барлық құралдар бар.
Жалпы, Осакаров ауданында 42 сайлау комиссиясы бар. Оның біреуі – аумақтық, 41-і – учаскелік комиссиялар. Құрамында 224 адам бар сайлау комиссияларының мүшелері төрт саяси партияның өкілдері. Учаскелер білім беру және мәдениет мекемелерінде орналасқан.
5 қазаннан бастап апта сайын учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері офлайн және онлайн режимде оқудан өтті. Сайлау учаскелерін тексеру, сайлау күніндегі әртүрлі жағдайларды практикалық талдау және сайлау құжаттамасының рәсімделуімен танысу үшін ауылдық округтерде де жұмыстар жүргізілді. Сайлаушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар учаскелік сайлау комиссияларына тапсырды. Одан бөлек, ұйымдастыру жұмыстары, мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасау және тағы басқалары бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Сайлау учаскелерін электрмен, жылу энергиясымен, интернетпен үздіксіз қамтамасыз ету; қоғамдық тәртіп пен өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Жалпы, Осакаров ауданы бойынша аудан әкімі лауазымына кандидаттарды ұсыну 16 қыркүйектен басталып, 5 қазан күні аяқталды. Жалпы, кандидат ретінде 4 адам тіркелді. Атап айтқанда «AMANAT» партиясынан, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан, «Ауыл» Халықтық-демократиялық партиясынан және «Қазақстан халық партиясынан» бір-бір кандидаттан бар. Бірақ, «Ауыл» партиясынан тіркелген үміткер өзінің өтініші бойынша кандидатурасын алып тастады.
Аудан әкімдерін тікелей сайлау халықтың билікке деген сенімін және әкімдердің халық алдында есеп беруін күшейтуге, халықтың өтініштері мен проблемаларына ден қоюының жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сондай-ақ, бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
Бұл – үлкен әлеуметтік және қоғамдық-саяси тәжірибе. Оны тиімді пайдалану және жергілікті қауымдастықтардың және жалпы елдің өмірін түбегейлі өзгертетін нақты және маңызды жетістіктерге қол жеткізу өз қолымызда.
Дана МОЛДАҒАЛИЕВА,
Осакаров аудандық сайлау комиссиясының төрағасы