Жаңалықтар

Қарағандыда 206 бағдаршам қауіпсіздікті қадағалайды

Жаһандану дәуірі. Жасанды интеллект игілігі. Цифрлы Қазақстан. Озық ойлы ұлт. Инновациялық технология. Мұның барлығы – өркениеттің өлшемі, уақыттың талабы. Ал, мұндай жауапкершілігі зор қадамға Қарағанды өңірінің әлеуеті мен мүмкіндігі толық жетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында әр салаға жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп, экономиканы толық цифрландыру керектігіне тоқталды. Расымен де, бұл стратегиялық шешімнің ел дамуына қажеттілігі ауадай екені анық сезіліп отыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

«JoLScan»: жол сапасын қадағалайды

Қарағанды қаласында және жақын аймақтарда көлік инфрақұрылымын цифрландыру мен қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар инновациялық жобалар іске қосылды. Осындай озық бастамалар заманауи технологиялар жол сапасын бақылау, көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Мәселен, жолдардың жай-күйін автоматты түрде бақылайтын «JoLScan» пилоттық жүйесінің іске қосылғаны – маңызды жаңалықтардың бірі. Бұл жүйе компьютер арқылы бейнетіркегіштегі видеожазбаларды талдап, жол төсеміндегі ақауларды анықтайды және оларды векторлық белгілер арқылы салыстырады да, картаға түсіреді.

Яғни, «JoLScan» жүйесі жолдағы проблемалық учаскелерді жедел анықтауға және жол сапасының интерактивті картасын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жүйенің көмегімен бүгінгі күнге дейін 200 шақырымнан астам жол қамтылып, 500-ден астам ой-щұңқыр тіркелген. Сонымен қоса, шұғыл жөндеуді қажет ететін бес аймақ анықталған.

«Ақылды» бағдаршам: кептеліс азаяды

«Жол қозғалысын басқару жүйесі» жобасы аясында интеллектуалды бағдаршамдар да жұмыс істеп тұр. Жүйе жол қиылыстарындағы көлік ағындарын нақты уақыт режимінде бақылап, қозғалыс жағдайына қарай бағдаршам жарығын автоматты түрде реттеп отырады. Егер басқа бағытта көлік болмаса, онда көлігі көп жолдың жасыл түсі жанып тұра береді. Осылайша «Ақылды» бағдаршамның арқасында көлік кептелісі азайып отыр.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында 206 бағдаршам бар, оның ішінде 10-ы интеллектуалды жүйемен жабдықталып, маңызды деген жол қиылыстарына орнатылған.

Былтырдан бері Қарағанды және Теміртау қалаларында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында «Жаяу жүргіншілер өткелі» аппараттық-бағдарламалық кешен де іске қосылды. Бұл жүйе тәулік бойы жұмыс істейді. Заманауи үлгідегі камералар орнатылған кешен кез келген ауа райында көлік құралдарын, жаяу жүргіншілерді, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін және олардың қозғалыс траекториясын тану мүмкіндігіне ие. Жинақталған мәліметтер автоматты түрде өңдеу орталығына жіберіліп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бойынша дәлелдемелік база қалыптасады.

Сонымен қатар, бет-әлпетті тану жүйесі де жұмыс істейді. Бұл жүйе стационарлық бақылау камераларымен және полиция қызметкерлерінің мобильді жетондарымен біріктірілген. Бүгінде барлығы 83 құрылғы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері осы жүйелердің көмегімен іздеудегі 268 азамат анықталып, ұсталды.

Қарағандыда қолға алынған бұл бастамалар – көлік инфрақұрылымын цифрландыру және қауіпсіздікті арттыру саласындағы елеулі қадам. Аталған «ақылды» жүйелер тек жол сапасын ғана жақсартып қоймайды, жол қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Әрі көлік қозғалысын тиімді басқаруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға айтарлықтай ықпалын тигізуде.

Бағдарлама азықтүлік бағасын бақылайды

Қарағанды облысында әлеуметтік салада да сандық технологияның көмегімен «Азықтүлік бағасын мониторингтеу» жобасы сәтті жүзеге асып отыр.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу және жаппай цифрландыру міндетін қойды. Осы мақсатта өңірде халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр, – дейді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Жаңа жүйе әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын автоматты түрде анықтап және құн реттілігін талдайды. Нейрондық желі деректерді өңірдегі сауда желілерінің сайтынан жинайды. Алынған ақпарат жедел шолулар мен талдамалық есептер түрінде ұсынылады. Бұл баға өзгерістері туралы, жалпы нарықтағы баға саясаты жайында хабардар болуға өзінің мүмкіндігін ұсынып отыр.

– Бүгінде жанар-жағармай бағасы туралы ақпаратты автоматты түрде жинау, бақылауға алынатын тауарлар тізімін кеңейту, сондай-ақ, барлық сауда нүктелері мен тауар түрлерін қамтуға мүмкіндік беретін кассалық чектер деректерін интеграциялау жұмысы жүргізілуде. Бұл нақты орташа тұтынушылық себетті қалыптастыруға жол ашады, – дейді Константин Ильницкий.

Экоинновация игілігі

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қалалар мен елдімекендердегі жасыл желектерді түгендеуге арналған мобильді қосымша әзірленді. Мобильді қосымша мен серверлік платформа арқылы ағаштардың фотосы, координаты, сипаттамасы тіркеліп, барлық мәлімет жасанды интеллект арқылы өңделеді. Бұл шешім табиғатты қорғау шараларын цифрлық деңгейге көтеріп, есеп жүргізудегі адам еңбегін қысқартады. Жобаның қорытынды есебі биылғы жылдың желтоқсанында ұсынылады.

IT-мамандар дәуірі

Қарағанды облысында IT-білім беру жүйесі жоғары деңгейде жолға қойылған. Жетекші жоғары оқу орындары – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, сондай-ақ 50-ден астам колледж жыл сайын IT бағыттары бойынша шамамен 600 түлек даярлап шығарады.

Мұнымен қоса, «Террикон алқабы» IT-хабы білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта университеттер мен колледждермен 30 меморандум жасалған, 9 оқу орнында 500-ге жуық студенттің қатысуымен 10-нан астам іс-шара өткізілді. Жасанды интеллект, бағдарламалау және цифрлық сауаттылық бойынша мамандандырылған дәрістер мен курстар өтіп жатыр. Бұл жобалар арқылы студенттер теориялық білімін нақты практикалық дағдылармен ұштастыра отырып, заманауи технологиялармен ерте танысады.

2025-2026 оқу жылдарына арналған TechOrda бағдарламасы аясында «Terricon School» IT-мектебі 36 грант иеленді. Бұл – өңірдің IT-мамандар даярлау әлеуетін арттыратын маңызды қадам.

Сонымен қатар, жасанды интеллект бағытындағы 10 стартап арнайы бизнес бағдарламаларын әзірлеп, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алды. Бұл стартаптар өңірлік экономиканы цифрландыруға серпін беріп, инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосуда.

Ауыл жастарына да IT-білім беріледі. Облыстың ауылдарынан 80-нен астам жас IT және жасанды интеллект негіздерін оқиды. Сонымен бірге, IT-хаб аймағында 15-тен астам оқыту іс-шарасын өткізу жоспарланып отыр.

Қысқасы, Қарағанды облысында жасанды интеллект пен IT саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – өңірдің инновациялық әлеуетін көтереді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button