Өңірдегі инфрақұрылым игілігі
Соңғы жылдары облыста инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген тапсырмалармен етене байланысты өрістеп келеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуда.

Көлік инфрақұрылымы: өңірдің күретамыры
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, «Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор» деп атап өтті. Осы сөзі өңірдің ел дамуындағы стратегиялық маңызын айғақтаса керек. Өндірісті өңір еліміздің 8 өңірімен шектесіп, стратегиялық көлік торабы ретінде мәні бөлек рөл атқарады. Былтырдың қаңтар-наурыз айларында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 690 879,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өскен. Қарап отырғанымыздай, өсім көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттырумен тікелей байланысты.
Облыс аумағында 31 теміржол бекеті жұмыс істейді, 50-ден астам елдімекенді қамтитын 8 әлеуметтік маңызы бар ауданаралық және қала маңындағы теміржол жолаушылар қатынасы желілері ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының өзінде ғана жеті тасымалдаушы 45 қалаішілік және 8 қала маңындағы маршрутты іске қосып, күн сайын шамамен 400 автобус шығарады. Сандар нені аңғартады? Көрсеткіштер облыс тұрғындарының мобильділігі артқанын, экономикалық белсенділігі күшейгенін білдіреді.
– Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Бұл кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да қолайлы жағдай туғызуда. Жаңа жолдар мен қоғамдық көлік бағыттарының көбеюі халықтың өмір сүру сапасына оң әсер етуде, – дейді жергілікті кәсіпкер Данияр Әбдімәжит.
Алдағы жылдары облыс еліміздің өндірістік және көлік-логистикалық хабы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтып, инновациялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалардың орталығына айналатыны сөзсіз. Жаңа технологияларды енгізу, кәсіпкерлікті қолдау, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы аймақтың даму қарқыны еселене түспек. Түп нәтижесінде Сарыарқаның жүрегінде орналасқан Қарағанды – болашаққа ұмтылған, өркендеу мен жаңашылдықтың үлгісі болар асыл мекенге айнала түседі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбек дәстүрі мен ұлы мақсаттар жолындағы ынтымақ аймақтың келешегін жарқын етері һақ. Осындайда «Қала тек көлік керуені үшін ғана емес, алдымен адамдарға қызмет ету үшін құрылады. Нағыз инфрақұрылым адам өмірінің жайлылығын қамтамасыз ету керек», – деген дат сәулетшісі Ян Гейлдің нақыл сөзі еске түседі.
Әлеуметтік инфрақұрылым: халық игілігі үшін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ал, облысымызда осы бағытта да айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, өткен жылы түрлі қаржыландыру көздерінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған 855 азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Жеке тұрғын үй қорынан да жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлем бағдарламасы іске асырылып, 318 азаматқа 23 млн теңге көлемінде төлемдер жүргізілген.
Бұдан бөлек, 2025-2029 жылдарға арналған Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспар Қарағанды қаласын орталық ете отырып, 33 елдімекенді қамтиды. Агломерацияның жалпы халқы шамамен 870 мың адамды құрайды. Жоспар аясында жаңа өндірістердің ашылуы арқылы 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Міне, осы қадамдар әлеуметтік инфрақұрылымға игілік сыйлап, халықтың әл-ауқатын арттыра түседі.

Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақты даму кепілі
Қарағанды облысының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту да басты назарда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта облыста энергетикалық нысандарды жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айта кету қажет, бүгінде Қазақстанның коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымы айтарлықтай тозуға ұшыраған желілер мен технологиялық тұрғыдан ескірген жабдықтар салдарынан күрделі бірқатар мәселелермен бетпе-бет келуде. Әсіресе, жылумен қамтамасыз ету саласына тоқталсақ, еліміздегі жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары.
Өңірдегі инфрақұрылымның тозу көрсеткіштері әл-әзір көңіл көншітпей тұр. Energyprom.kz веб-сайтының ресми мәліметтеріне сүйенсек, жылу желілерінің тозуы Қарағандыда – 71,2%, Теміртауда – 68,5%, Шахтинскте – 61,7%, Топар кентінде – 68,8%-ды құраған. Су құбырлары мен негізгі энергетикалық нысандар жабдықтарының тозу деңгейі де осы шамада. «Түйіннің оңтайлы шешімі бар ма?» деген сауалға келсек, Қарағанды агломерациясын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 35 шақырым жылу желілерін жаңарту және салу көзделген. Бұған республикалық бюджеттен 61,9 млрд. теңге жергілікті бюджет 8,7 млрд. теңге өзге қайнар көздерден 176 млрд теңге шамасында қаражат жұмсалмақ.
Таразы
Облыста инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан жобалар Қарағанды облысының тұрақты дамуына негіз болуда.
Инфрақұрылым игілігі – тұрақты дамудың іргетасы. Болжалды негізде алдағы онжылдықта ғана өңір инфрақұрылымы жаңа технологиялармен, смарт-жүйелермен әрі қарайғы экологиялық таза шешімдермен толықтырыла түседі. Бұл тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, халықтың өмір сапасын түбегейлі жаңа деңгейге көтермек. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, көлік инфрақұрылымын цифрландыру – басты бағыттардың бірі. Мысалы, Сингапур интеллектуалды көлік жүйелерін (ITS) енгізіп, жол кептелісін 30%-ға қысқартты. Германияның Deutsche Bahn компаниясы теміржол қозғалысын жасанды интеллект арқылы басқарып, жолаушылар ағынын тиімді реттеуде. Алдағы жылдары көмірлі аймақ та көлік қызметін цифрландыруды қолға алып, қоғамдық көлікті автоматтандырылған бақылау жүйесін дамытуы кәдік. Бүгінде экологиялық қауіпсіз инфрақұрылымға көшу өзекті. Мәселен, Норвегия 2040 жылға қарай көмірсутек отынынан толық бас тартуды жоспарласа, Қытайдың Хэбэй провинциясында көмірден бас тарту арқылы 3 жылда ауа сапасы 40%-ға жақсарған. Қарағанды да «жасыл» экономикаға қадам басып келеді. Алдағы 10 жылда Қарағанды облысы күн және жел электр станцияларының қуатын екі есеге арттырып, энергия тиімділігі бойынша Еуропа стандарттарына сәйкес келетін инфрақұрылым қалыптастырса, сірә да таңқалмаңыз.
5G байланысын енгізу арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындар цифрлық инфрақұрылымның артықшылықтарын сезінетін болады. Жаңа урбанистикалық шешімдерге сүйене отырып, Қарағанды облысында компакт-қалалар (compact cities) концепциясы енгізілуі де мүмкін. Бұл – экологиялық таза, жаяу жүруге ыңғайлы, тұрғындарға барынша қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта Қарағанды облысы көлік, энергетика, цифрлық және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында озық технологияларды енгізу арқылы Қазақстандағы жетекші өңірлердің біріне айналады. Жасыл энергетика, интеллектуалды көлік жүйелері, «смарт-қала» технологиялары, инвестициялық тартылымдылықты арттыру – осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген жағдайда, өңір халықаралық деңгейдегі инновациялық және технологиялық орталыққа айналмақ.
Қарағанды болашағы – тек өнеркәсіп орталығы ғана емес, сондай-ақ «ақылды инфрақұрылымы» бар, тұрақты дамуды қамтамасыз ететін өңір болуға бағыт алуда.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»