Өңірдегі аса ауыр қылмыстар 55%-ға төмендеді
Бүгінде облыс аумағында криминогендік және саяси ахуал тұрақты екені ресми түрде айтылып қана қоймай, нақты деректермен дәлелденіп отыр. Полиция қызметінің күшеюі мен алдын алу жұмыстарының жүйеленуі арқасында соңғы кезеңде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметтер аймақта жалпы қылмыстар 8%-ға азайғанын айтады.

– Нақтырақ айтсақ, аса ауыр қылмыстар 55%-ға қысқарып, кісі өлімі 9%-ға азайса, ауыр дене жарақаттарын келтіру 15%-ға кеміп, тонаулар 45%-ға төмендеген. Бұны жоғары оң динамика деуге негіз бар. Мұндай көрсеткіштер бір мезгілде орын алған реформалар мен жедел қызметтің сапалы өзгерісін білдіреді, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Сонымен қатар, қоғамдық орындар қауіпсіз бола түскен. Профилактикалық жұмыстарды күшейтудің нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыстар 32%-ға, көшелерде жасалған құқық бұзушылықтар 39%-ға азайған.
Бұл – патрульдік күштердің артуы, мобильді топтардың жұмысын жетілдіру, бейнебақылау желісін кеңейту және азаматтардың құқықтық мәдениетінің артуымен тікелей байланысты.
Соңғы жылдары бүкіл әлемде күрт көбейген интернет-алаяқтық кеншілер астанасын да айналып өтпеген. Алайда, арнайы жедел топтар құру, цифрлық криминалистика құралдарын енгізу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту нәтижесінде интернет-алаяқтықтарды ашу 6%-ға артқан.
Сала мамандары бұл көрсеткіштің онлайн кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай қадам екенін айтады.
– Жұмысымыздың негізі – халықтың сенімі. Полицияның басты міндеті – әр азаматтың тыныш, бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта күнделікті қызметімізді жақсартуға, қоғаммен ашық диалог орнатуға ерекше көңіл бөлеміз. «Қоғамдық тәртіп – тұрақтылық кепілі» деген сөз біздің басты ұстанымымызға айналды. Қазір қала мен аудан көшелерінде патрульдік қызмет күшейтілді, жаңа бағыттар қосылды, жаяу патрульдер саны артты. Бейнебақылау жүйелерінің ауқымы кеңейіп, заманауи камералар орнатылды. Бұл құқық бұзушылықты жедел анықтауға ғана емес, оның алдын алуға да зор мүмкіндік береді.
Ұрлық, есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтық – басты бақылауда. Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша арнайы жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Соның нәтижесінде осы қылмыстардың деңгейі біртіндеп төмендеп келеді, – дейді Бақытжан Құдияров.
Облыс аумағында бүгінгі таңда дүниежүзілік тәжірибенің өз ерекшеліктерімізге қарай бейімделіп, енгізіліп жатқанын да айта кеткен жөн.
Мәселен, Финляндияда полиция жұмысының ашықтығы мен қоғаммен тұрақты байланыс – қылмыстың алдын алудың басты элементі. Қарағандыда да «Ашық полиция» форматы қалыптасып келеді. Бүгінде азаматтармен кездесулер, есеп беру, түсіндіру жұмыстары жиілеген.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореядағы «Ақылды қала» жүйелері автоматты түрде қауіп төндіретін жағдайларды танып, жедел дабыл береді. Аймағымызда да «Сергек» және өзге де интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің енгізілуі осы бағытпен үндес келеді.
Ал, Ұлыбритания елінде патрульдік қызмет басты рөл атқарады. Қарағандыда соңғы екі жылда анық байқалған патруль санының артуы қылмыстың азаюына әсер еткен негізгі фактордың бірі десек, артық айтқандық емес.
Қарағанды қаласының тұрғыны, шағын бизнес өкілі Арман Жұмабеков те бүгінгі ахуалды өз тарапынан оң бағалап отыр.
– Соңғы бір-екі жылда қауіпсіздік деңгейінің артқанын анық сездік. Бұрын дүкен алдында, әсіресе, кешкі уақытта түрлі жағдайлар болып жататын. Қазір бейнекамералар орнатылғаннан кейін ондай оқиғалар сиреді. Полицияның жұмысы – жемісті. Тұрғындармен қарым-қатынасы да жақсарған. Қазір өзімді қалада бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сенімді сезінемін, – дейді қала тұрғыны.
Аймақ тұрғындарының айтуынша, балалар ойнайтын ауладан бастап, халық көп жиналатын орталық аудандарға дейін тәртіп пен тыныштық бар.
Қауіпсіздік пен тұрақтылық – мемлекеттің қуаты мен халықтың тыныштығын қамтамасыз ететін негізгі тіректің бірі. Тұрақтылық сақталған өңір инвестицияға да қолайлы, халыққа да жайлы, мемлекет үшін де маңызды. Бүгінгі қол жеткізген нәтиже ертеңгі сенімді болашақтың кепілі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



