Қарағанды облысындағы алты білім ошағы республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енді
Қарағанды облысындағы алты оқу орны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жариялаған Қазақстандағы 100 үздік олимпиадалық мектептің рейтингісіне енді. Бұл рейтинг 2022-2023 оқу жылында оқушылардың республикалық олимпиада қорытындысы негізінде шығарылған.
– Рейтинг шығару үшін республиканың 314 мектебі алынды. Олимпиадаға қатысқан оқушылардың берген нәтижелеріне байланысты төрт мектеп І орынды жеңіп алды. Тоғыз мектеп – ІІ орын, 14 мектеп – ІІІ орынға ие болды. Алтын медаль иегерлері шыққан білім ордаларына – 3 ұпай, күміс медаль – 2 ұпаймен, қола медаль – 1 ұпаймен бағаланды. Бұл рейтинг зияткерлік сайыста табысқа жету үшін бар күш-жігерін салған мектеп оқушыларының, олардың ұстаздары мен жаттықтырушыларының еңбегінің нәтижесі, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандары.
Рейтингте ХХІ сатыда – №1 «Білім-инновация» мектеп-интернаты, ХХІІ сатыда Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернаты орналасқан. Сонымен қатар, үдік 100 білім ошағының қатарына Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен №2 лицейі енген. Және бұл қатарда Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы да бар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz