Өңірдегі 148 ауылда интернет жоқ
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңірдің өзекті мәселесін де көтерген еді. Брифингте аймақтағы интернет мәселесін айтып, сауал қойған әріптестеріміз де болды. Жалпы, 148 ауылда интернет жоқ. Әрі интернет сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде:
– Осыдан 20 күн бұрын «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Бағдат Мусинмен кездесіп, интернеттің сапасы жайында сөз қозғадық. Сапаны жақсарту мақсатында ойға алған жоспарларымыз бар. Сол жоспар жүзеге асуы үшін біздің тараптан қаржы бөлінеді. Бізде 148 ауылда интернет жоқ. Бірақ, бұл көрсеткіш басқаларына қарағанда аз. Алдағы уақытта осы мәселені шешу үшін жоспар құрылды. Тасымалдаушы байланыс жабдығын, Оптикалық-талшықты байланыс желісін тартуды көздеп отырмыз. Сол жоспарды жүзеге асыру жолында тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz