Өңірде жыл басынан бері 197 отбасы «қандас» мәртебесін алған
Жыл басынан бері өңірге Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан мемлекетінен 462 этникалық қазақ көшіп келген. Ал, олардың 197-сі «қандас» мәртебесін иеленген.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, елге келгендер ресми түрде жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін бірден бейімделу және интеграциялық қызметтерді ала алады екен. Олар ЭЦҚ ресімдеуге, жұмысқа орналасуға, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ұйымдарына, сондай-ақ, медициналық ұйымдарға тіркелуге, жер учаскесін беруге, отбасының цифрлық картасында тіркеуге және тағы да басқа жәрдем алуға құқылы.
Қандастарға жергілікті деңгейде көмек көрсету үшін тізімдерді қалалар мен аудандарға жіберетін еңбек ұтқырлығы орталығы жетекшілік етеді.
Этникалық қазақтардың негізгі бөлігі отбасыларымен қауышу үшін аймаққа келеді. Олар тұрғылықты орын ретінде Теміртау, Қарағанды, Саран, Шахтинск, сондай-ақ Абай, Бұқар Жырау және Осакаров аудандарын таңдайды.
Айта кету керек, Қарағанды облысы қоныстандыру үшін қандастарды қабылдау жөніндегі өңірге кірмейді. Этникалық қазақтар квотадан тыс өз бетінше келеді.
Сонымен қатар, Қарағандыда құқықтық және консультациялық сипаттағы қызметтер көрсететін қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы жұмыс істейді. Орталық 10 төсекке арналған. Онда жұмыс істейтін мамандар Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарды тапсыруға көмек көрсетеді. Яғни, білім беру және денсаулық сақтау мәселелерімен айналысады, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі және тағы да басқа да қызмет түрлері бар.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.