АймақЖаңалықтарСпорт

Өңірде қысқы спорт спартакиадасы басталды

Қарағанды өңірінде дәстүрге айналған, әрі қатар өткізілетін екі бірдей қысқы спорттық спартакиада бар. Бүгін осы қос жарыстың салтанатты ашылу рәсімі Қарағандыдағы «Ақжолтай» мұз сарайында өтті. Аталған спорттық дода биыл қалалар арасында XXVIII рет ұйымдастырылып отырған «Ақ қыс – 2026» және аудандар арасындағы XXVIII мәрте өтетін «Қарлы қыс – 2026» спартакиадасы. Биылғы турнирге қала және ауданнан 500-ге жуық спортшы қатысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков спартакиадаға арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Суреттерді түсірген А. Марченко

Қысқы спорт мерекесіне облыстың алты қаласынан, яғни, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран және Шахтинск қаласынан келген. Ал, аудандардан Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шеттен келіп қатысқан.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – өңір тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау, қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшыларды анықтау. Әр түрлі жас санатындағы және түрлі сала өкілдері төрт спорт түрі бойынша өзара бақ сынауда. Атап айтқанда, олар президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру және шайбалы хоккейден жарыстарға қатысып жатыр.

– Қалалар арасындағы «Ақ қыс – 2026» және ауылдық аудандар арасындағы «Қарлы қыс – 2026» қысқы спартакиадаларының ашылуымен барша спортшыларды шын жүректен құттықтаймын. Елімізде және өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Ертең Милан қаласында Қысқы Олимпиада ойындары басталады, онда 36 қазақстандық спортшы ел намысын қорғайды. Баршаңызға сәттілік, жарқын жеңістер тілеймін, мықты жеңіске жетсін, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button