Өңірде туристік орталықтар ашылады
Қарағанды облысында туристерге арналған жаңа демалыс орындары бой көтереді. Балқаш курорттық аймағын дамытуға шамамен 30 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл жоспарлар жөнінде аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК халықпен есептік кездесуінде айтты.

– 2020 жылы сыртқы туризм жабылған соң, ішкі туристік бағыттарды дамытудың маңызын түсіндік. Қазір бізде үш туркластер бар. Олар: ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамытуға бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңгені құрайды, – деді облыс әкімі.
Оның мәлімдеуінше, демалыс аймақтары орналасқан Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінде коммуналдық инфрақұрылымның құрылысы басталмақ.
Балқашта қалалық жағалауды абаттандыру жобасы әзірленуде. Оның қаржыландыру мәселесі де шешіледі.
Ал, Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынып, ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлердің жолдары жөнделуде. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады.


