Спорт

Өңірде шығыс жекпе-жегінің үздіктері құрметтелді

Аймақта шығыс жекпе-жегінің спорт түрлерімен шұғылданатын жастар қатары жыл санап артып келеді. Одан бөлек, биыл да өңір спортшыларының жеткен жетістігі бір төбе. Жыл қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау мақсатында Қарағандыда салтанатты жиын өтті.

Суреттерді түсірген автор

Іс-шара барысында өңірдегі жеті түрлі спорт федерациясынан «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік төреші» аталымы бойынша үздіктерді анықтап, марапаттады. Салтанатты жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов қатысып, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, іс-шараға келген құрметті қонақтар қатарында облыстық «Respublica» партиясының жетекшісі Нұрлан Әубәкіров, ҚР Сот әкімшілігі департаментінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, генерал-майор Мейірлан Қызылов бар. Одан бөлек,«Қарағанды су» ЖШС директоры, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Ербол Төлеуов, «Болашақ» академиясының ректоры, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Аданов, «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономика университетінің дене шынықтыру және спортты басқару кафедрасының меңгерушісі Ләйла Сырымбетова қатысып, үздіктерді марапаттады.

– Биыл спортшыларымыздың жеткен жетістігі орасан. Бұл қатарда жастар ғана емес, ел қоржынына жүлде салған ардагерлеріміз де бар. Келер жылы бұдан да жоғары нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Спортшыларымызды қолдап, құрмет көрсету қажет, – деді Дәурен Жағыпарұлы.

Сонымен қатар, Шығыс жекпе-жек ардагерлер одағының мүшесі Рүстем Оқашев аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

– Іс-шараны шығыс жекпе-жегіне жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. 1990 жылдармен салыстырсақ, ел бойынша шығыс жекпе-жек спорт түрлерімен айналысатын жастардың қатары күрт өскен. Оның ішінде біздің өңірде де өсу көрсеткіші үлкен. Дәл осы спорт түрлерінің дамуына тікелей әлеуметтік желі де әсер етуде. Қазіргі жастар кино актерлеріне, персонаждарға қатты еліктейді. Ал, екінші жағынан әр бала өзін қорғағысы келеді. Осы мақсатта спортқа келіп жатқандардың қарасы қалың. Сонымен қатар, ардагерлер одағы да жастардың спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында үлкен үлес қосып келеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да осы саланың дамуына үлкен қолдау көрсетуде, – деді ол.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button