Өңірде – өркенді істер
Өткен жұма күні облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Жезқазған қаласына іс-сапармен барып, бірқатар нысандарды аралады.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын, қысқа дайындығы мен қордаланған мәселелердің қалай шешіліп жатқанын өз көзімен көру мақсатында Нұрмұхамбет Қанапияұлы өндіріс ошақтары мен жаңадан ашылған нысандарды аралады. Облыс басшысы ең алдымен, жақында ашылған «Малютка» ЖШС-нің медициналық орталығына бас сұқты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеп тұрған орталық мемлекеттік тапсырыс негізінде 12 жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Нұрмұхамбет Әбдібеков бас сұққан келесі нысан – су тазалау кәсіпорны. Мұнда облыс басшысына тұрғындарға берілетін ауызсуды тазалау процесі мен қаланы ауызсумен қамтамасыз ету жүйесі таныстырылды.
Осы орайда, қала әкімі Батырлан Ахметов облыс басшысына Қожамсейіт су көзінің зерттеу жұмыстары аяқталғанын, «Қазақмыс» корпорациясы» жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп жатқанын, келер жылы бұл жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылатынын жеткізді.
Облыс әкімі «Қазақмыс» корпорациясы» құрылымдық бөлімшелерінің техникаларын жөндеумен айналысатын «Еуротехсервис» ЖШС-не, мыс қорыту зауыты мен жылу-электр орталығына да арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Қарағанды облысының басшысы Жылу электр орталығында болды. Орталық қысқа сақадай сай. Жұмысқа қажет қатты, сұйық отын жеткілікті екендігін айтады кәсіпорын басшылығы. Қазір орталықты кеңейту мақсатында жаңа турбоагрегатты орнату жұмыстары жүруде. 2015 жылдың үшінші тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары келер жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Кеңейту жұмыстарының жалпы жобалық құны 5 463 миллион теңгені құраған. Жылу орталығында облыс басшысы қаланы сумен, жарықпен қамтамасыз етуші мекемелер басшыларының қысқаша есебін тыңдап, бұл бағыттағы жұмыстың жай-жапсарын білді. Нұрмұхамбет Қанапияұлы аталған сала басшыларына биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы екенін ескертіп, қала тұрғындарының мерекелік көңіл-күйін қалыптастыруда жарық пен судың әр үйге кідіріссіз келіп, үй-жайлардың жылы болуы да ерекше маңызға ие екенін баса айтты.
Қала шаруашылығы үшін маңызды нысандардың жұмысымен танысқан облыс басшысы қала әкімдігінің кеңейтілген отырысын өткізді.
– Жезқазған өңірі – облыста өзіндік орны бар өңір. Қаланың жағдайы, халық тұрмысы облыс басшылығының үнемі назарында болады. Сондықтан да, қаладағы ахуалмен жақынырақ танысайын, бар проблемаларды өз көзіммен көрейін деп арнайы келіп отырмын. Қала әкімінің баяндаған, облыс әкімдігіне келіп түскен хаттардан белгілі біраз мәселелер бар. Соларды шешудің жолдарын қарастыру, бірлесіп ақылдасу ойымызда бар, -– деген Нұрмұхамбет Қанапияұлы Тәуелсіздіктің 25 жылында өңірдің бастан кешкен жағдайларын да ұмыт қалдырмады.
– Биыл – үлкен мерейтой. Еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Осы 25 жыл ішінде Жезқазған қаласы, Ұлытау-Жезқазған өңірі түрлі жағдайларды бастан кешірді. Қазір өңірдің дамуы жаңа қарқынына көтеріліп отыр. Әрине, біраз қиындықтар да болды. Әлі де проблемалық сұрақтар бар. Оларды шешудің де жолдары бар. Сырттан қарап отырмыз, анализ жасап отырмыз. Ол зерттеулердің барлығы қалада өсу барын көрсетіп отыр. Әрине, соңғы жылдары шикізат бағасының құлдырауы, түсті металға сұраныстың азаюы байқалып, біршама экономикалық қиындықтар болды. Бірақ, соған қарамастан өндірістің әзіргі көрсеткіштері жаман емес. Өткенде Елбасының қабылдауында болғанда да Мемлекет басшысы Жезқазған өңірінің, мұндағы өндірістің ахуалын сұрады. Мыс зауытының қайтадан іске қосылғанын айттым. Зауыт жұмысының жанданғанына Елбасы да риза, – деді облыс басшысы.
Әкімдік отырысында қала басшысының ағымдағы жылдың үшінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Батырлан Ахметов облыс әкіміне қала аумағындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, экономикалық көрсеткіштер, әлеуметтік саланың ахуалы жайлы баяндады.
Облыс басшысы қала мектептерінің компьютер құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейінің әлі де тиісті межеден төмендігіне, балабақшамен қамтуды жандандыру керектігіне, бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлердің жаңа балабақша ашуын жолға қою қажеттігіне назар аударып, қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына қанағаттанарлық баға берді. Нұрмұхамбет Қанапияұлы қала ішіндегі жолдардың да тозып бара жатқанын, оларды жөндеу үшін келер жылы бюджеттен 1 млрд. теңгеден кем емес көлемде арнайы қаржы бөлінетінін жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі барлық жезқазғандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Жұмыс сапары барысында Нұрмұхамбет Қанапияұлы «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына да қатысып, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, жемқорлықпен күрес, экстремизм, терроризмнің алдын алудағы партиялық жұмыстың маңыздылығына назар аудартты.
Партия филиалының жұмысына оң баға берген облыс басшысы бірқатар партия белсенділерін мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Жезқазған қаласының жағайымен танысқан облыс әкімінің жұмыс сапары Сәтбаев қаласы мен Жәйрем елді мекенінде жалғасты.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.