Өңірде онкологиялық ауруларға қарсы күрес күшеюде
Елімізде онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Жоспар биылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Кешенді жоспар республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды. Оның нәтижелері бойынша 460,7 млрд. теңге сомасында қаржыландыру қолдау тапты.
Денсаулық сақтау министрлігінде айтылғандай, кешенді жоспар халықаралық сарапшылар мен менеджерлердің, сала мамандарының, оқытушы-профессорлық құрам мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысумен әзірленді.
Оның аясында қауіп факторларының профилактикасы, тиімділігі жоғары ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту бағыттары жүзеге асырылмақ. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігін арттыру, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.
Елде онкологиялық көмекті жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі. Жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік анықталып, 13 мың науқас қайтыс болады. Бүгінде 205 мыңнан астам адам есепте тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz