АймақБұқар жырау

Өңірде оң өзгерістер мол

Қарағанды облысының коммуникациялар қызметі алаңында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, онда ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын баян етті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Біздің Бұқар жырау ауданы – облысымыздың тарихи қалыптасқан ең іргелі, әлеуметтік-­экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Мұнда ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп өндірісі де дамып, өркендеуде, – деп бастаған Ерлан Бейсембайұлы әуелі ауданның экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

Айтқандай-ақ, 2025 жылы бұл аймақтағы экономикалық өсім 54,5 пайызды құрап, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 192,4 миллиард теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыс­тырғанда екі есеге артқан.

Аудан аумағында 45 өнеркәсіп кәсіпорны, соның ішінде 3 көмір разрезі, «Қазақмыс корпорациясының» «Нұрқазған» және «Қажықонған» кеніштері жұмыс істейді. Өткен жылы ауданның облыс көмір өндірісіндегі көлемі 14,4 пайыз болып, ол кәсіпорындарда 3 мыңнан аса адам еңбек етеді.

Қазіргі таңда ауданда 3 675 шағын және орта бизнес субъектісінде 7,6 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басым бағыттарының бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 92,1 миллиард теңге, оның ішінде мал шаруашылығында 56 миллиард теңге болды.

2025 жылы 36,7 мың тонна сүт өңделіп, облыс сұранысының 17 пайызын қамтамасыз етті. Ал, өндірілген 22,7 мың тонна ет облыс қажеттілігінің 22 пайызын құрады.

Бұқар жырау ауданында 7 бірдей құс фабрикасы жұмыс істеп, олар бір жылда 363 миллион тауық жұмыртқасын өндіріп, облыс қажетінің 58 пайызын өтеді.

Өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемі 36,1 миллиард теңгеге жетіп, егістік алқаптар 129,8 мың гектарға айналды. Енді 2026 жылы суармалы алқаптарды қалпына келтіру жоспарланып, оларды 11,2 мыңнан 12,6 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде.

Сонымен қатар, мал бордақылау алаңдарын көбейтіп, мал сою және ветеринарлық пункттерді ашу да ойда.
Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын 6 жоба іске асырылып, 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

Бұқар жырау ауданы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 82,1 миллиард теңгеге жетті.

Ауданда жер ресурстарын тиімді пайдалану және игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп, өткен жылы қайтарылған жер 21 мың гектарға тең.

Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін жою мақсатында «Жайлау» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, 2025 жылы мемлекетке қайтарылған 12 мың гектардан астам жер конкурс арқылы айналымға енгізілген. Ал соңғы екі жылда 14 ауылдың жайылым инфрақұрылымы жақсартылып, бұл мақсатқа 176,9 миллион теңге бөлінген. Осы «Жайлау» бағдарламасы аясында Петровка және Үміткер ауылдық округтерінде 6 қоныс жайылымы құрылып, 5,5 мың гектардан астам жайылым жер бөлініп, оған 21,5 миллион теңге қаржы бағытталған.

Бұқар жырау ауданында туризмді дамыту мәселесі де көптен қозғалып жүр. Оны жүзеге асыру үшін мұнда 13 туристік нысан, яғни екі-екіден қонақ үй мен кемпингтер, 3 санаторий, 4 мәдени-демалыс орталығы мен 2 балалар лагері бар.

Облыс көлеміндегі құрылыс жұмыстарының жалпы көлеміндегі осы ауданның үлесі 7,6 пайыз екенін айту керек.

«Отбасы банкке» берілген тұрғын үй алу кезегінде 1 408 адам тұрса, соның 466-сы жеңілдік санатындағы азаматтар екен.

2025 жылдан бері аудан бойынша 146 пәтер беріліп, қаржыландыру көлемі 1 миллиард теңгеден асқан. Әлеуметтік осал топтағы адамдар үшін алғашқы нарықтан 48 пәтер, ал екінші нарықтан 4 пәтер сатып алынған.

Ауыл өмірінің күретамыры – жол инфрақұрылымы. Бұл бағытта өткен жылы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 421,3 шақырымына орташа жөндеу жасалған.

Соған қоса «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 8 елдімекенде 41,1 шақырым жол жөндеуден өткен. Соның нәтижесінде аудан жолдарының 89 пайызы қанағаттанарлық күйде.

Аудан бойынша тұрақты жұмысқа 1,5 мыңдай адам орналасып, жұмыспен қамтудың белсенді шарасымен 2,5 мыңдай адам қамтылған көрінеді.

2025 жылы жаңа бизнес-идеяларын іске асыруы үшін 8 адамға 12,5 миллион теңгенің мемлекеттік гранттары берілген.

Білім беру саласында «Келешек мектептері» жобасы аясында Доскей, Үштөбе ауылдары мен Нұра станциясында 3 мектеп салынған. Атамекен ауылындағы апатты мектептің орнына 150 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Өткен жылы облысымызда ең көп медициналық мекеме – 20 нысан Бұқар жырау ауданында салынды. Олардың кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында жұмысқа қабылданған 24 жас маманның 10-ы дәрігер де, 14-і орта буын медицина қызметкері.

Қазіргі таңда аудан аумағында 138 спорт нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы Қушоқы кентінде Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.

Жалпы аудан бойынша бұқаралық спортпен тұрғындардың 41,5 пайызы шұғылданып, саламатты өмір салты салтанат құрып келеді.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button